Атырауда Жайықтың екі жақтағы жағалау бойын қалпына келтіру жоспарлануда.
Қала әкімдігінің «АЖ» сауалына берген жауабына сүйенсек, екі жоба әзірленген: біріншісі Әлиев көпірінен темір жолға дейінгі (оң жағалауда 3,8 шақырым), екіншісі – Жилгородокта Одесская көшесінен бастап Темірханов көшесіне дейін (сол жағалауда 3,3 км) жағалауды қалпына келтіру қарастырылған.
Әр жағалауға жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеуге 9,6 млн теңге бөлінді. Жобалауды «ЛМ Транспроект» ЖШС жүргізді, өткен жылдың желтоқсан айында ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған.
Жобаларда балалар және спорт алаңдары, көшелерді жарықтандыру, жаяу жүргінші және велосипед жолдары және т.б. қарастырылған. Құрылысқа әзірге тендер жарияланған жоқ, бірақ оң жағалауды қалпына келтіруге 11,7 млрд теңге, ал сол жағалауға 15,5 млрд теңге қажет екені белгілі.
Еске салсақ, алдыңғы жылы күзде Атырауда NCOC компаниясының қаражатына салынған Әлиев көпірінен университетке дейінгі екі шақырымдық жаңа жағалау салтанатты түрде ашылған болатын. Көп ұзамай, жағалау сызығымен шектесетін бұл құрылыс қала тұрғындарының сынына көп ұшырай бастады. Мысалы, суға жол жоқ, орындықтардың үстіндегі қалқалар аптап ыстықтан мүлде қорғамайды, ал бетон қабырға қарсы жағалаудан мүлдем көріксіз көрінеді.
Жоба әзірлеушілер өздерінен бұрынғы жобалаушылардың кемшілігін ескерді ме? Ал, жалпы облыс орталығының тұрғындары қалпына келтіру жобаларын талқылауға қатысты ма (қоғамдық тыңдаулар немесе, ең болмағанда, әлеуметтік желілерде әлдебір сауалнама өткізілді ме)?
«...2019 жылы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде бұл тәжірибе қолданылған жоқ», - деп жауап берді әкімдік.
Осы жарияланымнан кейін қала әкімдігінің баспасөз қызметі «АЖ»-ға қосымша ақпарат ұсынды.
Қазір бұл жоба соманы азайту бағытында түзетіліп жатқаны хабарланды. Жағалау мүлдем нығайтылмаған аумаққа басты назар аударылады. Бұл ретте билік қоғамдық тыңдаулар өткізуге уәде беріп отыр, онда «әрбір қала тұрғыны өз пікірін айта алады». Тыңдаулар туралы кейінірек хабарланады.
«Сонымен қатар жобаны қаржыландыру көзі әлі анықталмағанын хабарлаймыз», - деді әкімдік.
Лев ГУЗИКОВ