Атырау, 6 мамыр 18:57
 ашықВ Атырау +9
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Қара шаңырақ Қазақ Ұлттық университетінде Шер ағаның 90 жылдық мерейтойы атап өтілді

674 просмотра

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің ұйымдастыруымен Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жыл толуына арналған «Шерхан Мұртаза - замана шындығын айтқан заңғар тұлға» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға көрнекті ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Жанарбек Әшімжан, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, «Қазақ газеттері» ЖШС басшысы Шәмшидин Пәттеев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы және оқытушы ғалымдар мен студенттер қатысты.

Шара барысында, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов Шер атамыздың 90 жылдығымен құттықтап, Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаевтың арнайы құттықтауын жеткізді және  ҚР сенат төрағасының кеңесшісі Бибігүл Жексенбай, сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Астана қаласынан келген арнайы құттықтауын табыс етті.

Конференцияда көрші елдердегі Өзбекстан, Түркия, Ресей, Венгрия ғалымдарының жүрекжарды құттықтауын Led экран арқылы көрсетті.

Сонымен қатар, журналист Қали Сәрсенбаев және профессор Қансейіт Әбдешұлы конференцияда Шерхан Мұртазаға арналған ғылыми баяндамаларын көпшілікке таныстырды.

Конференция аясында Алаштың қайраткер ұлы Тұрар Рысқұловтың есімін қайта тірілткен теңдессіз қалам иесі, қазақ журналистикасының өзіндік мектебін қалыптастырған ұстаз, бір кем дүниесі бір төбе Шер атамыздың өнегелі ғұмыры жайлы және ұлттық құндылық, ұлттық идеология жайлы сөз етілді.

Тағы бір жағымды жаңалық, конференция барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да халық жазушысы Шерхан Мұртаза атындағы аудитория ашылды. Қаламгердің 90 жылдық мерейтойы аясында Шерхан Мұртаза аудиториясы болашақ журналистерге кәсіби дамумен қатар, теориялық біліммен шектелмей, практикалық білімді де жүзеге асыруға мүмкіндік.

Осы тұста Шерағаңның өмірбаяны мен елге сіңірген еңбектерін атап өтпеуге болмас.

Қазақ журналистикасының мэтрі, классик жазушы Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. 1955 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.

«Лениншіл жас» (қазіргі «ЖасАлаш») газетінің, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі, әдеби қызметкері болды. 1963-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің редакторы, «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992–1994 жылдары ҚР мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы болып істеді. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болған. Жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990- 2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» (К. Смайыловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген.

Осылайша, шындықтың шырақшысы атанған - Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай өткізілген ғылыми - тәжірибелік конференция өз мәресіне жетті.

Айсұлу Алкожаева, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультеті

17 қараша 2022, 13:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.