Атырау, 29 қараша 02:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Нысандағы «маскарад» және дәліздегі мұғалімдер бөлмесі

Сурет Бейнежазба
2 364 просмотра

Жылыой ауданында Қосшағыл округіндегі №2 жалпы орта білім беретін мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының дер кезінде аяқталуын оқушылар, мұғалімдер, ата-аналар асыға күтуде. Өйткені бүкіл оқушы бастауыш мектепте екі жарым айдан бері төрт ауысыммен оқып жатыр.

Бюджеттен 548 млн 706 мың теңге бөлініп, негізгі және бастауыш мектеп ғимараттары мен интернатты толық күрделі жөндеуден өткізу белгіленіпті. Мердігер - «SCS Инжиниринг» ЖШС болса, тапсырысшысы - №2 Қосшағыл орта мектебі. Бастауыш мектепті жөндеудің жоспарланған аяқталу мерзімі өтіп кетті (31 қазан), негізгі мектеп пен мектеп-интернат 30 қарашада аяқталуы тиіс.

- Жөндеу жұмысын мердігер компания мамырдың 5-інде бастады. Айта кету керек, жұмысқа Өзбекстан азаматтары тартылғандықтан олар уақтылы келіп болмады, әрі құрылыс материалдарынан кідіріс болды. Сол себептен жұмыс тым баяу жүрді, - дейді мектеп директоры Айгүл МҰҚАНОВА.        

Бүгінде мердігер 381 млн теңгені игерген. А.Мұқанованың айтуынша, бастауыш мектеп ғимараты 98, негізгі мектеп - 75, ал интернаттың 88 пайыз жұмысы атқарылған. Десе де, біз аралап шыққанда, жұмыстарды ұйымдастыруда шалағайлықтар басым екеніне көзіміз жетті. Негізгі мектептің терезелері түгел жаңартылмаған, интернаттың бірінші қабатындағы жөндеу жұмысы бітпеген, бастауыш мектепте де сыртқы қаптамасы түгел ауыстырылмаған, т. б.

Бұл жағдайға аудандық депутаттар белсенді түрде қызығушылық танытуда. 

- Мектепке келгенде әлдебіреу өзін «SCS» ЖШС-нің басшысымын деп таныстырған, сөйтсек ол мүлдем басқа адам болып шықты, - дейді аудандық мәслихаттың депутаты Ерқұл ДӘУЛЕТБАЕВ. - Жұмыс барысынан дым хабары жоқ, сұрақтарымызға дұрыс жауап бере алмады. Сонда жұртшылықты алдап жүрген ол кім?! Кейін аудан әкімдігі шын бастығы Рашевты тауып, өзара келіссөз жүргізіп, жұмыстың тез бітуін талап етті.

...Бүгінде 320 орындық бастауыш мектепте 869 оқушы төрт мезгіл оқуда. Сынып бөлмелері жетпейді. Ал мұғалімдер оқытушылар бөлмесін дәлізге жабдықтаған. Ал, аудан әкімдігінің қызметкерлері күнде дерлік нысанды аралап, мердігерлерді асықтыруда. Бірақ бұл қарқынмен 30 қарашада үлгермейтіні анық.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

17 қараша 2022, 18:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.