Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВ Қызылқоға ауданы Тасшағыл ауылдық округіне барып, 300 орындық Мәдениет үйінің құрылысымен танысты.
- «Корпорация Ақ ордасы» ЖШС 2020 жылдың шілде айында құрылысын бастаған нысан 70 пайызға аяқталған. Осы жылдың аяғына дейін жұмыстар бітеді деп жоспарланған. Айта кету керек, құрылыс сапасына қатысты мердігерге сұрақтар бар. Мамандардың айтуынша, әлі де жұмысы көп,нысан мерзімінде аяқталмауы мүмкін. Мұндай жағдайларда мердігерлермен жасалған келісімшартты бұзу керек. Бұл ретте облыстық құрылыс басқармасына тапсырма бердім. Ертеңнен бастап талдау жасайды. Құрылысты уақытылы аяқтау керек. Бұл жұмысты өзімнің тікелей бақылауыма аламын, - деді С. Шәпкенов.
Сондай-ақ, ол ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға барды. 1985 жылы пайдалануға берілген қос қабатты ғимарат 2006 жылы күрделі жөндеуден өткен. Бірақ бүгінде қайта жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Жобалық-сметалық құжат жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Кейін аймақ басшысы Тасшағыл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Кездесуде маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелер көтерілді.
- Біз егер халыққа бір мәселені шешеміз десек, оны орындауға міндеттіміз. Себебі билік пен халықтың арасындағы қатынастың сенімді құрылғаны маңызды. Дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен таныстым. Бұл жерге жаңадан типтік жобадағы дәрігерлік амбулатория салыну керек деп есептеймін. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады деп жоспарланды. Ал бос қалған ғимарат қайта жөнделіп, балалардың үйірме сыныптары ретінде қолданылады, - деді С.Шәпкенов. Оның Тасшағыл тұрғындарымен кездесуі Қызылқоға аудандық әкімдігінің Facebook, Instagram желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер