Атырауда бірнеше күн бұрынкөлік жүргізушілері қаладағы жанармай құю бекеттерінен сұйытылған газ таппай, біраз әуре-сарсаңға түскен болатын. Бүгінгі жағдай қалай? «АЖ» тілшісі анықтап көрді.
14 қараша күні қаланың екі жанармай құю бекетінде болып көрдік. Бірінде «газ жоқ» деген хабарландыру ілінулі тұр. Ал Мақатаев көшесі мен Тайманов көшесінің қиылысындағы екіншісінде төрт қатар боп, көліктер тізбегі түзілген. Кассир «газ түнде Ақтөбеден әкелінді» дейді.
Біз кезекте тұрған бірнеше жүргізушіні әңгімеге тарттық.
Қанағат АЙДАРҰЛЫ Атырау мен Қызылқоға ауданының арасында жолаушыларды тасымалдайды. Ол жаққа тек бару үшін оған 60 литр газ керек. Ол газдың тапшылығын 6 қарашадан бері сезінген. Оның айтуынша, әбден кезегі келген кезде үнемі газ бітіп қалады екен, бірнеше рет солай қайталанған. Ол бекеттер әкімшілігінен газ бәріне бірдей жету үшін әрқайсысына 40 литр газдан құюды талап еткен. Бірақ, оған ешкім құлақ аспаған. Сөйтіп бензинге көшуге мәжбүр болған. Ал 14 қарашада кезекті рейске шыққалы тұрғанда теміржол вокзалы маңындағы әріптестерінен қаланың ортасындағы бір жанармай құю бекетінде газ бар деп, естіп келген. Газды бұрынғыша 50 теңгеден сатып жатыр. Қанағат көліктер кезегі 4 қатарға бөлінген соң ба, кезек жылдам жылжып жатқанын айтады. «Әйтпесе, кей жерлерде бір ғана ұзын-сонар кезек, онда кезегіңді сағаттап күтесің» дейді ол. Оның айтуынша, кей жерлерде газды 55 теңгеден сатып жатыр екен.
Ал, Сәтжан ӘБУОВ есімді көлік жүргізушісінің бақылауынша, кешеден бері жағдай жақсарған. Ол қала іргесіндегі Сарыөзек ауылынан кезекте бір сағаттың үстінде тұрып, сұйытылған газды 47 теңгеден сатып алған. Бұған дейін бензинге көшуіне тура келген.
Біз Атырау облысының энергетика және ТКШ басқармасы басшысының м.а. Данияр МҰҚЫШЕВТАН бүгінгі жағдай бойынша баяндап беруін сұрадық.
Оның айтуынша, Атырау мұнай өңдеу зауыты облыстағы автогаз құю бекеттеріне жалпы алғанда қараша айының 1-інен 13-іне дейінгі мерзімде барлығы 829 тонна сұйытылған газ жеткізген. 14 қарашада 108 тонна жеткізілген.
- Сонымен қатар, Ақтөбе облысынан қосымша 1100 тонна газ бөлініп, қазіргі таңда оның 243 тоннасы тасылды. Бос сатылымда қала бойынша «Promgaz BP» мекемесінің 8 бекетінде, «ГаЗ 8» мекемесінің 1 бекетінде, «СнабСтройсервис» мекемесінің 6 бекетінде, «ЭкоГаз» мекемесінің 1 бекетінде, ал «Ниет ЛТД» мекемесінің 3 бекетінде талонмен газ сатылып жатыр, - дейді Д. Мұқышев.
10 қараша күні Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан ақпарат бойынша, автогаз тапшылығының басты себебі - Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізуі. Энергетика министрлігінің бекіткен жоспарына сәйкес, зауыт ішкі нарыққа қараша айында 5 744 тонна газ жеткізуі тиіс болатын. Алайда, іс жүзінде 3 785 тонна жеткізген.
Сәл кейін Данияр Мұқышев БАҚ өкілдеріне алдағы үш-төрт күнде «GAS PROCESSING COMPANY» ЖШС-і 400 тонна, «ҚазақойлАқтөбе» ЖШС-нен 700 тонна газ жеткізу жоспарланып отырғанын, бұл көлемнің бір аптаға жететінін айтқан болатын. Бұдан басқа, оның айтуынша, «Теңізшевройл» ЖШС-інен тағы 1100 тонна сұйытылған газды жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр, ал қараша айының соңында АМӨЗ жөндеу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр.
Бүгін, 15 қарашада әріптесім Алма Қалусариева Жұлдыз ықшамауданындағы «Еврогаз» жеке жанармай құю бекетінен газ құйып алған. Ол жерде талонсыз құйып жатыр екен, бірақ екі сағат күтуге тура келіпті.
Айнұр САПАРОВА
Суреттерді түсірген автор