АҚШ президенті Джо Байден мен Қытай президенті Си Цзиньпин 14 қарашада Индонезияның Бали қаласындағы кездесуде Украинадағы соғысты талқылап, бұл қақтығыста ядролық қару қолдануға қарсы шықты. Сондай-ақ Байден Шыңжаңдағы мұсылмандар мәселесін де айтқан. Бұл туралы Ақ үйдің ресми мәлімдемесінде хабарланды, дейді Азаттық радиосы.
Ақ үйдің мәлімдеуінше, Украинадағы соғыс тақырыбын Байден көтерген.
"Президент Байден мен төраға Си ядролық соғыс басталмауы тиіс және мұндай соғыста жеңіске жетер ешкім жоқ деп, Украинадағы соғыста ядролық қару қолдануға қарсылық танытты" деп жазылған Ақ үй хабарламасында.
Украинада ядролық қару жоқ, демек бұл – екі ел лидерлерінің Ресейге қайырылуы.
Ақ үйдің хабарлауынша, екі елдің басшылары АҚШ пен Қытай арасындағы мәселелерді ашық талқылаған, ал Байден АҚШ Қытаймен бәсекеге түсуден қашпайтынын, бірақ ешқандай қақтығысқа бармайтынын айтқан.
АҚШ президенті Вашингтон Пекинмен климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі, жаһандық экономика және денсаулық сақтау саласында бірге жұмыс істеуге дайын екенін білдірген.
Байден Шыңжаң, Тибет және Гонконгтені адам құқығы мәселесін көтеріп, АҚШ Тайвань статусына қатысты кез келген заң бұзушылыққа қарсы екенін айтқан. Ақ үй алдағы уақытта АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қытайға баратынын да хабарлады.
Байден кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында Қытай Тайваньға басып кіретіндей ишара байқалмады, сондықтан әлем тағы бір қырғи қабақ соғыстың алдын алуы мүмкін деді.
Байден Си Цзиньпинпен президент статусында алғаш рет кездесті. Ал Балиде "Үлкен жиырмалық" кездесуі ертең, 15 қарашада басталады. Бұл саммитке Ресей атынан сыртқы істер министрі Сергей Лавров қатысады, Ресей президенті Владимир Путин саммитке келмеді.
Батыс елдерінің лидерлері Лавровпен кездесуге құлықсыз.