12 қараша күні сағат 11:20 шамасында бетперде киген белгісіз ер адам Атырау қаласындағы микроұйымдардың біріне кіріп, кассирді тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, 208 мың теңгені алып, оқиға орнынан ізін суытқан. Бұл ішкі бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Сондықтан қылмыскер оңайлықпен құтылып кете алмады.
Жедел бақылау орталығының қызметкерлері дереу әрекет етіп, бір сағатқа жетпейтін уақытта қала көшелерінің бірінде патрульдік полиция қызметкерлері 23 жастағы күдіктіні ұстады. Айғақтар (ақша) өзімен бірге болған. Ол Атырау ҚПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды, ҚР ҚК-нің 192-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы («Қаруды немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды қолданып тонау») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ПД жолдаған суреттер мен бейнежазба