Атырау, 29 қараша 00:57
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

«Бізде бес әйел сұрыптайды, 160 миллионның аппаратын қайдан алайық?»: Атыраудағы құс фабрикасы неге жабылып жатыр

Сурет
1 436 просмотра

Атыраулықтар тауық жұмыртқасының күн сайын қымбаттап жатқанын көзбен көріп келеді. Жұмыртқа бағасы базарда 55-60 теңге болса, үй жанындағы дүкендерде 63 теңгеге дейін жетеді.

Жақында «АЖ» ға хабарласқан қала тұрғыны жұмыртқаның бір данасы Байзардағы «Марко» супермаркетінде 80 теңгеге болғанын айтып шағымданды.

- Күн салқын болған соң жұмыртқаны көп тұтынамыз. Балаларға күнде таңғы асқа омлет жасап, жұмыртқа қуырып беремін. Енді күніне жұмыртқаның өзіне 800 теңге жұмсаймыз ба, бұл қасына қосатын шұжық, т.б қоспағанда, - дейді Наташа наразылықпен.

Осы әңгімеден кейін «Марко» супермаркетіне бардық. Онда С1 сұрыпты жұмыртқа 57 теңге, С0 іріктелген жұмыртқа 80 теңгеден болды.

Содан кейін құс фабрикалары басшыларына хабарластық.

«Алмалықұс» фабрикасының атқарушы директоры Асылбек СӘРСЕНҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, қараша-желтоқсан айларында жұмыртқа бағасы шарықтайды, ал қаңтар айынан бастап бағасы төмендей бастайды. Содан кейін олардың өз проблемалары бар.

- «Алмалықұста» бұған дейін 252 мың ірі құс болса, былтыр электр қуатының істен шығуына байланысты цехтарда вентиляция болмағандықтан, құстардың тең жартысы және балапанның 20 пайызы қырылып қалды. Осының салдарынан табыс та күрт төмендеді. Аман қалған құстар да ауырып, жұмыртқа беруін тоқтатты. Олардың емделіп, қатарға қосылып кетуіне ұзақ уақыт кетті. Осы кезде табыс болмаған соң, жем жеткізушілерге белшеден қарызға баттық. Қазір 92 мыңдай құс қалды. Әлі күнге дейін бережағымызды өтеп жатырмыз, - дейді А.Сәрсенғалиев.

Оның айтуынша, «Алмалықұс» жазда жұмыртқаны 35-36 теңгеден сату керек болса, биыл Ақтөбе қаласынан келген жұмыртқалар жазда 25 теңгеден сатылып, салдарынан жұмыртқа бағасын төмендетуге әкелген.

- Жаз айында шығынымызды ақтамасақ та бағаны түсіруге амалсыздан мәжбүр болдық. Ал қыста керісінше 20-30 пайызға дейін өсіріп, қалта қоржынымызды жинап аламыз. Қалта қоржынымызға жиналған қаржыны жаз айында жем алуға, жұмысшылар жалақысына жұмсаймыз, - дейді А.Сәрсенғалиев.

«Алмалықұс» қазір өндірілетін жұмыртқаның басым бөлігін ұзақ мерзімді келісімшарт негізінде Теңіз кенішіне жібереді. Ал қала тұрғындарына күнделікті шығындарды жабатын аз мөлшерде қорап сатылады.

Қазіргі кезде Сарайшық базарында «Алмалықұс» жұмыртқасы С1 50 теңгеден, С2 52 теңгеден сатылуда.  

Атыраудағы екінші құс фабрикасы «Бақай құс» ЖШС құрлтайшысы Әлімжан БАЛЖІГІТОВ те сырттан келетін бәсекелестерге ілесіп, бағаны төмендетіп, банкрот болып жатқанын жеткізді.

- Кезінде «ҚазАгроҚаржының» мемлекеттік бағдарламасы аясында 7 жылға лизингке осы фабриканы іске қосқан едік. Ол кезде мемлекет біз секілді фабрикаларға корпорация арқылы 4-классты бидайды шекті бағамен беріп отырды. Себебі құс фабрикасының негізгі шығыны жемге жұмсалады. Біз жемді 180 теңгеден сатып алсақ, жұмыртқаның бағасын 60-70 теңгеге дейін қымбаттатуымыз керек. Алайда олай қымбаттата алмаймыз. Себебі еліміз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше, біз жұмыртқа бағасын өсірсек, арзан бағамен Ресейдің жұмыртқасы келеді, - дейді Әлімжан Балжігітов.

Кәсіпкердің айтуынша, «Бақайқұс» мемлекеттен берілетін субсидияны алу үшін де кейбір талапқа сай келмей отыр. 

- Үкіметтен бөлінетін субсидияға қатысу үшін жұмыртқаларды сұрыптап отыратын автоматтандырылған сұрыптау жүйесін қою керек деген талап бар. Біздің өндіріс көлемі көп емес, күніне 50-100 мың жұмыртқа шығарамыз, бізге ондай аппарат орнату қымбатқа шығады әрі тиімсіз. Мен мұны аудан, облыс әкімдеріне де айтқанмын. Сұрыптау аппаратын орнататындай біз миллион жұмытқа шығарып жатқан жоқпыз. Бізде 5-6 әйел тұрып, сұрыптайды. Ал аппараттың бағасы 160 млн теңге тұрады. Сондықтан өндірісті тоқтатып, «Бақайқұсты» жабуға мәжбүрміз, - дейді Ә.Балжігітов.

Оның айтуынша, қазір олардың фабрикасында 10 мыңдай тауық қалған. Жақын уақытта жұмысты толық тоқтатып, құс фабрикасын жабуды жоспарлап отыр.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор 

25 қараша 2022, 15:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.