Атырау, 24 қараша 06:43
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

АҚШ қаржы министрі: Ресейге салынған санкцияның күші соғыс аяқталған соң жойыла салмайды

695 просмотра

АҚШ қаржы министрі Джанет Йеллен Американың Ресейге салған санкцияларының кейбірі Украинадағы соғыс аяқталған соң да күшінде қала береді деді. Бұл жөнінде ол жексенбіде The Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Йелленнің сөзіне қарағанда, егер Украина мен Ресей арасында бейбіт келісім жасалса, АҚШ одақтастарымен бірге Ресейге салынған санкция шараларын сараптап шығады. Кейбір санкциялар өзгеруі мүмкін, бірақ болған жайтты ескере отырып, кейбір санкциялар күшінде қалдырылады.

Индонезияда өтетін G-20 саммитіне барған Йеллен "Ресей тарапынан шын мәнінде Украинаға да ыңғайлы болатындай келіссөз өткізуге ешбір талпыныс болмағанын, сондықтан бейбіт келіссөз туралы сөз етуге әлі ерте деп санайтынын" айтты.

АҚШ, Еуропа одағы, Ұлыбритания мен өзге де көптеген елдер 2014 жылы Мәскеу Қырымды аннексиялап алғаннан бастап Ресейге дүркін-дүркін санкция салып келген. 2022 жылдың ақпанында Украинаға шабуыл жасаған соң санкцияны қатайта түскен. Қазір Еуропа одағы Ресейге санкцияның 8 пакетін салып отыр.

Украина қарулы күштерінің кейінгі апталардағы жетістігі Ресеймен келіссөз басталуы мүмкін дейтін сөзді көбейткен. Вашингтон бейбіт келіссөз туралы шешімді Киев қабылдайды деп санайды. Украина "келіссөзге қарсы емеспіз, ол үшін Ресей әскері Украина аумағынан, соның ішінде Қырымнан да кетуге тиіс" деген шарт қойып отыр.

14 қараша 2022, 11:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.