Атырау, 21 қараша 22:57
 ашықВ Атырау +4
$ 495.20
€ 522.34
₽ 4.94

Атырауда «Еуропа киносының апталығы» өтіп жатыр

1 372 просмотра

«KINOPLEX ATYRAU» кинотеатрында «Еуропа киносының апталығының» ашылу салтанаты өтті, оған Еуроодақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Кестутис ЯНКАУСКАС пен Еуроодақтың 11 мемлекетінің елшілері қатысты.

– Бізге тек сауда-өнеркәсіптік қарым-қатынасты орнату ғана емес, мәдени байланысты да нығайту өте маңызды. Осы жыл Қазақстанда балалар жылы болып жарияланды. Фестиваліміз Эстония тарихындағы қасіретті кезеңді кішкентай қыздың көзімен баяндаған режиссер Мооника Сийметстің «Жолдас бала» (Seltsimees laps) фильмімен ашылады, - деді К.Янкаускас.

Сценарий жазушы Леэло Тунгалдың «Жолдас бала және ересектер» өмірбаяндық романының желісімен құрылған. Фильмнің басты кейіпкері - алты жасар қыз Лило. Оның ата-анасы мектепте жұмыс істейді. 1950 жылы қыздың анасын Сібірдегі концлагерге жібереді. Анасының соңғы сөзі: «егер Лило жақсы қыз болса, анасы жақында оралады» деген өсиеті болады. Ал қыз ненің жақсы, ненің жаман екенін түсіну қиын болса да жақсы болуға тырысады: радиода және мектепте Сталинді, пионерлерді мадақтайды, ал нағашысы мен анасы тұтқындалған отбасында Кеңес үкіметін жақсы көрмейді. Лило өзін «жолдас» деп атау үшін пионер болғысы келеді, ал «қара киімді», ата-анасының «органдарға» жұмыс істейтін бұрынғы сыныптасы Лилоны әкесінің эстониялық марапаттарын қайда жасырғанын көрсетіп, анасына көмектесуге көндіреді.

Анасы ұзақ уақыт келмейді, ал Лило бұл үшін әкесін кінәлайды - әйелі болмаған соң, әкесі салдыр-салақ болып, жуылмаған, үтіктелмеген киімдер киіп, өзіне қарамай кетеді. Кез келген адамды, тіпті ең жақсы және ең лайықты деген адамды да «алып кететін» сонау аласапыранда Лило жақындарының неліктен жоғалып кететініне қандай да бір себеп табуға тырысады.

Ал, қыздың әкесі өз ұстанымына берік болып қалады, мектептен қуылса да «халық жауы» атанған әйелімен ажыраспайды.

Фильм ауыр, әсіресе балаға қатысты болған соң жүректі сыздатады. Бірақ мұндай фильмдер мән-мағынасы жоқ «ойын-сауықтан» да көп болуы қажет.

«Апталық» аясында Еуроодақ елдерінде жасалған 9 фильм көрсетіледі, олардың бәрі де беделді халықаралық кинофестивальдердің жеңімпаздары мен номинанттары.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

14 қараша 2022, 11:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.