Сүт өнімдерінен алынған 50-ге жуық сынама талапқа сай келмеді. Бұл туралы Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің бас маманы Гүлжамал ЖҰБАНЫШЕВА мәлім етті.
Департаменттің мәліметінше, ЕЭО техникалық регламенттері сәйкестігін зерделеу мақсатында жыл басынан бері сүт және сүт өнімдерінен 181 сынама алынған.
- 48 сынама талапқа сәйкес келмейді, өйткені физико-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік анықталды. Бұл өнімнің төрттен бірі импортталған өнімдерге тиесілі. Анықталған бұзушылықтар бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне оларды жою туралы нұсқама берілді, -деді Г. Жұбанышева.
Оның айтуынша, сатуға арналған сүт өнімдерінің сыртқы қорабында өнімнің тауар белгісі, таза салмағы, құрамы, партияның нөмірі, сондай-ақ дайындау және жарамдылық мерзімі болуы тиіс. Сонымен қатар, өнімді сатып алу кезінде, оның қауіпсіздігін растайтын құжаттары мен сәйкестігі туралы декларациясы болуы керек. Ал сақталу, тасымалдау ережелерінің бұзылғаны анықталған жағдайда тұтынушы жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына хабарлай алады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ