Брюссельде өтіп жатқан Еуропарламенттің жалпы отырысында еуропалық депутаттар Хорватияны Шенген аймағына толыққанды мүшелікке қабылдауға дауыс берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл туралы Еуропалық Одақтың (ЕО) заң шығарушы органының мәлімдемесінде айтылды.
"Депутаттар Шенген еркін қозғалыс аймағы мен Хорватия арасындағы ішкі шекаралық бақылауды тоқтатуды мақұлдады", - делінген Еуропарламент хабарламасында.
Бұл шешімді қолдап 534 депутат дауыс берсе, 53 адам қарсы, 25 қалыс қалған. Еуропарламент Хорватиямен ішкі шекаралық бақылауды алып тастау жыл соңына дейін жүзеге асуы керек деп санайды.
"Хорватия осы уақытқа дейін ЕО-ға мүше барлық елдердің Шенген аймағына кіру үшін жан-жақты бағалаудан өтті. Ол Шенген заңнамасының 8 бөліміндегі 281 ұсынымды ескерді. Еуропалық комиссия мен ЕО Кеңесі елдің Шенген ережелерін толық қолдануға дайын екенін растады", - деді Португалиядан келген депутат Пауло Рангел.