Бірнеше күннен бері Атыраудағы жанармай құю бекеттерінде көліктерге арналған сұйытылған газ тапшылығы байқалуда. Жүргізушілер оны сағаттап іздеп, ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр.
Бортты «ГАЗель» көлігінің жүргізушісі Талап Қуаныш қалаішілік және қалааралық жүк тасымалдаумен айналысады. Төрт күннен бері газ толтыра алмай жүр. Ертең рейске шығуы керек, бүгін кешке отын іздеп, қалаға шықпақшы. Ал жеңіл көлік жүргізушісі Сәтжан Әбуовтың бақылауынша, 7 қарашадан бері жанар-жағармай құю бекеттерінде газ жетіспейді.
– Кезекте 150 көліктен тұр, екі-үш сағаттап күту керек. Осыдан кейін қаланы шарламастан, бензинге көштім, – дейді С.Әбуов.
Бүгін, 10 қарашада өңірлік коммуникациялар қызметі осы тақырыпқа қатысты түсініктеме таратты. Олардың ақпараты бойынша, бүгінде Атырау облысында отыз жеткізушінің 96 газ құю станциясы бар. Энергетика министрлігінің хатына сәйкес, өңіріміздегі тұтынушыларға арналған автогазды Атырау мұнай өңдеу зауыты жеткізеді. Алайда зауытта жоспарлы жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жеткізілім 35 пайызға азайған – тапшылықтың басты себебі осы. Жағдайды тұрақтандыру үшін жергілікті билік қазір энергетика министрлігімен бірге көршілес Ақтөбе облысынан өңірге жеткізу жұмыстарын ұйымдастыруда.
Атырау облысының энергетика және ТКШ басқармасы басшысының м.а. Данияр МҰҚЫШЕВТЫҢ хабарлауынша, алдағы үш-төрт күнде «GAS PROCESSING COMPANY» ЖШС-нен 400 тонна, «ҚазақойлАқтөбе» ЖШС-нен 700 тонна газ жеткізу жоспарлануда. Бұл бір аптаға жетеді. Бұдан басқа, ТШО-дан 1100 тонна сұйытылған газды жеткізу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Қараша айының соңында АМӨЗ жөндеу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр.
Айнұр САПАРОВА
Оқырмандар жолдаған суреттер