Атырау, 29 қараша 02:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Еуроодақ елшісі: "​Азия мен Еуропаны жалғайтын көпірді көргім келеді"

1 099 просмотра

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас бастаған делегацияны қабылдады. Қабылдауға 11 ел - Хорватия, Болгария, Португалия, Нидерланды Корольдігі, Эстония, Бельгия, Германия, Словакия, Франция, Испания, Австрия мемлекеттерінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшілері қатысты.

Аймақ басшысы Серік Шәпкенов Атырау облысының Еуропалық Одақ елдерімен арадағы дипломатиялық келісімдер қос тарапқа да жемісті болғанын айтып, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған мәселелерді талқылады.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысында ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру саласын дамыту жөнінде берген тапсырмасын басты назарға ала отырып, оны жүзеге асыру үшін Еуроодақ елдерімен тығыз байланыс орнатып, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Өңірімізде арнайы экономикалық аймақ құрылды. Мұнда инвесторларға қолайлы жағдай жасалған, - деді С.Шәпкенов.

Кездесу барысында еліміздегі Еуропалық Одақ елшісі мен делегация мүшелері Атырау облысындағы көлік-логистика саласын жаңғыртуға, өнеркәсіптік инфрақұрылым мен жасыл экономиканы дамытуға мүмкіндік барын айтты.

- Бұл менің Атырау облысына алғашқы сапарым. Қазақстанның көрнекті орындарының бірі – Азия мен Еуропаны жалғайтын көпірді көруге асықпын. Бұл өңірге лауазымды тұлғалардың келуі, сауда айналымының өсуі, көптеген компаниялардың Қазақстан нарығында келісімшарт жасасып, соның аясында белсенді жұмыс істеуі – екіжақты қарым-қатынастың жақсы дамығанының айқын көрсеткіші. Еуропалық Одаққа мүше елдердің бәрі Қазақстанның ең ірі инвестициялық серіктесі. Бүгінде көптеген мемлекет Қазақстанға келіп өзінің білімімен және технологияларымен бөлісіп, инвестиция жасауға дайын. Сіз атап өткен төрт сала ғана емес, басқа салаларда да олардың тәжірибесі көп, - деді К.Янкаускас.

2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айында Атырау облысының Еуроодақ елдерімен сыртқы сауда айналымы 14,4 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт - 14,1 млрд АҚШ доллары, импорт – 269,02 млн АҚШ доллары.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Сурет ӨКҚ

10 қараша 2022, 17:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.