9 қараша, сағат 16.30-да Құрманғазы ауданында Жасталап ауылы тұсында Toyota Corolla автокөлігі жолдан шығып аударылып, автокөлік жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Жүргізуші небәрі 14 жаста еді...
Атырау облысы полиция департаменті хабарлағандай, ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Жасөспірімнің ата-анасының рұқсатынсыз автокөлікті басқарып кеткені анықталды.
Сонымен қатар, автокөлік ішінде болған 15 жасар төрт жолаушы түрлі дене жарақатымен аудандық ауруханаға жеткізілді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА