Махамбет ауданына қарасты Сарытоғай ауылында ата кәсіпті жалғастырған ағаш ұстасы тұрады. Есімі Орынғали САРИЕВ. Ол қазақ халқының ағаш өңдеу өнерін дамытып, оны мектеп оқушыларына да үйретіп келеді. Ұсталық өнер оған атасынан дарыған.
Орынғали Сариев бұған дейін өз қаржысына «Ара-Шебер» цехын ашқан. Биылдан бастап «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасымен 3,5 млн теңге қайтарымсыз қаражат алып, стеклопластиктен әдемі мүсіндер өндіруді қолға алды.
- Негізгі мамандығым құрылысшы, бірақ ол салада жұмыс істеген жоқпын, дизайнер болдым. Үйге қажетті түрлі жабдықтар, бесік, жер үстел жасап жүрдім. Кейін шеберхана ашып, ауыл балаларына ұсталық өнерді үйрететін курс ашайын деген ой келді. Кейбір балалар қызығушылық танытып, ағашты кесіп, жонып, күйдіріп, түрлі бұйымдар жасауды үйренді. Алайда карантинге байланысты шеберхананы уақытша жабуға тура келді. Ағаштан мүсін жасап үйренгісі келетін балалар болса, үйретуге дайынмын, - дейді О.Сариев. - Қазір мемлекеттен қайтарымсыз қаражат алып, ағаштан және стеклопластиктен әртүрлі әдемі мүсін жасаймын.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті ӨКҚ жолдады