Атырау, 20 сәуір 17:07
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Спорт жаңалықтары

1 251 просмотра

Жақында өткен Мәскеу халықаралық марафонында атыраулық Жеңіс Айтбаев 75-80 жас аралығы тобында үздік ондыққа кіріп, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алды.

- Мен күнде таңертең ұзақ жаттығулар жасаймын, сосын сауықтыру жүрісіне көшемін, содан кейін жүгіруге ауысамын, - дейді спорт ардагері. – Ал жастарға кеңесім: көбірек қозғалу керек, спортпен шұғылдану қажет. Жылдам жүруден бастап, содан кейін сауықтыру жүгірісіне көшуге кеңес беремін.

* * * * *

Үндістанның Нью-Дели қаласында кір тасын көтеру спорты бойынша өткен әлем чемпионатында атыраулық Ришат Ғалиахметов 95 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атанды.

Ришат бұл спортпен 10 жылдан астам айналысып келеді. Биыл ол Щучинск қаласында өткен Азия чемпионатында алтын алқа жеңіп алды.

* * * * *

Әбу-Дабиде джиу-джитсу бойынша әлем чемпионаты өтті.

Мұнда чемпиондық атақты Миялы ауылының тумасы Болашақ Сүйекенов жеңіп алды. Атырау облысының тағы бір өкілі – Дарын Алғазы күміс жүлдегер атанды.

* * * * *

Қарағандыда Nomad MMA бойынша Азия чемпионаты өтті. Жарысқа Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Иран, Пәкістан және Бангладештен 800-ге жуық спортшы қатысты.

Үш жас санатында Атырау облысының құрамасы 4 алтын, 4 күміс және 3 қола алқа жеңіп алды. Ересектер арасында Қуандық Бекназаров, Айбат Төлеген және Асылжан Қуандыққызы чемпион, Самат Жағпаров пен Темірғали Өтемісов күміс жүлдегер, Мыңбай Жұмабек қола жүлдегер атанды.

Жастар арасында күміс жүлдені Мұхаммед Жолдаев пен Саида Нұрғалиева, қола жүлдені Әділбек Әкімов пен Рада Александрова жеңіп алды. Жасөспірімдер арасында Дамир Магаз жеңімпаз атанды.

* * * * *

«Атырау» волейбол командасы ҚР Суперкубогының иегері атанды.

Алматының «Достық» спорт кешенінде өткен финалдық матчта атыраулық волейболшылар алматылық «Буревестникті» ұтты (3:1). Енді біздің команда клубтар арасындағы Азия чемпионатында ел намысын қорғайды. Айта кетейік, 2018 жылы Мьянмада клуб командалары арасында өткен Азия чемпионатында «Атырау» күміс жүлдегер атанған болатын.

* * * * *

Пәкістан астанасы Исламабадта таэквондодан «Asian Open taekwondo Championships G-2» халықаралық рейтингтік турнирі өтті.

Атыраулық қатысушылардан Нұрай Бауыржанова (49 келіге дейін) мен Мария Севостьянова (57 келіге дейін) алтын, Айдана Еділбаева (46 келіге дейін) күміс, Диана Әбсенова (73 келіге дейін) қола жүлдені жеңіп алды.

* * * * *

ҚР Таэвондо федерациясы 13-20 қараша аралығында Мексиканың Гвадалахара қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысатын ұлттық құраманың құрамын жариялады.

- Бұл тізімде үш қызымыз бар - Жадыра Хайруллина (62 келіге дейін), Нұрай Хусайынова (67 келіге дейін) және Жансел Дениз (73 келіге дейін). Оларға сәттілік тілейміз, – дейді таэквондодан Атырау облысы құрамасының бас бапкері Бауыржан Төребаев.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

9 қараша 2022, 12:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.