Кремльмен тығыз байланыстағы Санкт-Петербург кәсіпкері Евгений Пригожин АҚШ-тағы сайлау кампаниясына араласқанын баспасөз қызметі арқылы растады, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Пригожин бұған дейін АҚШ-тың сайлау кампаниясына араласқаны үшін санкцияға іліккен. Оған АҚШ федералды тергеу бюросы іздеу жариялаған.
8 қарашада өтетін АҚШ Конгресі сайлауы қарсаңында сарапшылар сайлауға арналған пабликтерде интернет-трольдер белсене бастағанын байқап, ондағы комментаторлардың Ресеймен байланысы бар деген болжам жасаған.
Журналистер сауалына Пригожин компаниясы былай жауап берді:
"Евгений Викторұлының комментарийін жариялаймыз: "Мырзалар, біз араластық, араласып отырмыз және мұнан былай да араласа береміз. Мұқият, нақты, хирургиялық дәлдікпен араласамыз. Мұндай операция кезінде бірден екі бүйрегі мен бауырын алып тастаймыз".
Жасанды интеллект көмегімен әлеуметтік желідегі контенттерді сараптайтын Graphika 3 қарашада жариялаған есебінде Ресейдің интернет-трольдері АҚШ Демократиялық партиясы кандидаттарының ар-ожданына нұқсан келтіретін саяси карикатура таратып жатқанын мәлімдеген.
29 қазаннан бастап сарапшылар сайлау өте қызу жүріп жатқан Джорджия, Огайо, Нью-Йорк және Пенсильвания штаттарында демократтар кандидаттарына арналған алты карикатура тапқан.
Бұл есепке қарағанда, карикатураны әсіре консерватор көзқарастағы адамдарға бағытталған NAEBC (Newsroom for American and European Based Citizens - "АҚШ пен Еуропа азаматтарына арналған жаңалықтар бөлімі") ұйымымен байланысы бар аккаунттар жасаған. Сарапшылар NAEBC Пригожиннің құрылымдарымен жұмыс істесетін Ресейдің "Интернет зерттеулер агенттігімен" байланысты деп есептейді.
Пригожиннің есімі интернетте пропагандамен шұғылданатын Санкт-Петербургтің "трольдер фабрикасының" негізін қалаушы ретінде әлденеше рет аталған.
Ресей интернет-трольдерін АҚШ-тағы саяси және әсіресе, сайлау алдындағы пікірталасқа араласты деп айыптау 2014 жылдан басталған. Ұлыбритания, Үндістан, Оңтүстік Африка Республикасы саясаткерлерінің аккаунттарына да шабуыл жасалған. Евгений Пригожин "трольдер фабрикасына" қатысы барын растамаған да, жоққа да шығармаған.
- 8 қарашада АҚШ Конгресінің аралық сайлауы кейінгі екі жылда АҚШ парламентін кім бақылайтынын анықтайды. Сайлау алдындағы сауалнамалар сайлау қорытындысы Республикалық партия Конгрестің төменгі палатасын бақылауы, Сенаттағы орынның жартысын иеленуі мүмкін екенін көрсеткен. АҚШ-тың тағы да 36 штатында губернатор сайлайды.