Атырау, 29 қараша 02:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

"Ішімдік өмірімді бұзды". Атырауда жақсылықтан үміті үзілмегендер үшін клуб ашылды

951 просмотра

Атырауда анонимді маскүнемдер клубы ашылды. Мұнда келушілерге бұрын маскүнемдікке салынып, кейін ішімдікке тәуелділіктен арылып, өмірін қалыпқа келтіргендер тәжірибесімен бөлісіп, тегін дәріс береді. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Атырау - осындай ұйым ашылып жатқан 10-шы қала, бүгінде еліміз бойынша мұның 700-ге жуық мүшесі болса, олардың тең жартысын әйелдер құрайды. Әлеуметтік шегі әртүрлі: шенеуніктен мұғалімге дейін бар. 

31 жастағы Андрей 13 жасында ішімдікке салынып, 17 жылын ішімдікке тәуелді болумен өткізгенін айтады: 

- Мұның бәрі жасөспірім кезімде басталып, нәтижесінде ішімдікке тәуелділердің бірі болып шықтым. Сөйтіп, үйімнен айырылып, отбасымнан да ажырастым. Көшеде, жертөлелерде ұйықтап қалған кездерім де болды.

Андрей Санкт-Петербургтің тумасы. Атырау қаласына бір ай бұрын көшіп келген.

- Бір жыл бұрын туған жерім Питердегі «Анонимді маскүнемдер» клубына қатыса бастадым, маған көмегі тиді. Қазір жарты ждылдан бері ішімдікті татпаймын. Бірақ, үнемі моральдық қолдау қажет, жақында Атыраудан осындай орталықтың ашылып жатқанын естіп, осында келдім. Қазір отбасымды қайтарып алуға жұмыстанып жатырмын, - дейді Андрей.

Жиынға Атыраудағы «Ал-Анон» тобынан маскүнемдердің туыстары келді - ол біздің қалада 4 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Зейнеткер Алмагүл әкесінің өмір бойы ішімдік ішкенін, бауырлары да ішімдікке жақын болғанын айтады. 

- Мен бауырымды ішімдіктен тыю үшін осы топқа келдім. Інім 45 жаста, өзінің соңғы 18 жылын ішімдікпен өткізді. Ішімдікке ақша таппай қиналғанда, туысқандардан сұрап мазалайтын, оларға жеккөрінішті болып кетті. Бұл не өмір? Содан жазда мен оны Бурабайда өткен «Анонимді маскүнемдер» форумына қатысуға көндірдім. Содан үйге келгеннен кейін інім ескі әдеттерден бірте-бірте арыла бастады, - дейді Алмагүл.

Атырудағы клубты ұйымдастырушылардың бірі Абай осында Алматыдан арнайы келген. Оның да өз оқиғасы бар: 

– Мен медицина университетін бітіріп, дәрігер болып қызмет істедім. Жас кезімнен ішімдікке салынып, ұзақ жыл маскүнем болдым. Отбасым, балаларым теріс айналды. Міне, сегіз жыл бұрын Алматыдағы клубтың мүшесімін - бұл маған үлкен көмек болды.

Оның айтуынша, бұл клубта кәсіби психолог пен нарколог мамандар жоқ. Басты мақсат адамдарға қанша жыл ішімдік ішсе де одан шығатын жол бар екенін көрсетіп, көмек беру.

Анонимді маскүнемдер клубын ешкім қаржыландырмайды, жиналыс орындарын жалға алу т. б. шығындары жиналысқа келушілердің жеке қаражаты есебінен жұмсалады. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор 

14 қараша 2022, 15:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.