Нақты шараларды бүгін қабылдамасақ, ертең кеш болуы мүмкін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Жайықтың тартылуы жұртты қатты алаңдатып отыр. Дарияның деңгейі соңғы жылдары төмендеп кетті. Өзен аңғарының экологиялық ахуалы күрт нашарлап, ластану көрсеткіші бойынша ең соңғы, яғни бесінші дәрежеге жетті. Мен осы күрделі мәселені бірнеше рет халықаралық деңгейде көтердім.
Қазақстан мен Ресейдің арасында бірқатар келісім-шартқа қол қойылды. Экологияны, трансшекаралық өзендердің биоәлемін сақтау және оны тиімді пайдалану тәртібін реттейтін құқықтық негіз бар. Көрші елмен осы бағыттағы әріптестікті нығайтып, келісімдердің мүлтіксіз орындалуына күш салу керек. Бұл істе бәрін осы өңірдегі мемлекеттердің өкілдеріне ғана жүктеп қоюға болмайды.
Сарапшылар, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар және қоғам белсенділері де өз міндетін атқаруға тиіс. Жайықты сақтауға бәріміз күш жұмылдыруымыз керек. Экологиялық ахуалдың нашарлауы көптеген салаға кесірін тигізеді. Нақты шараларды бүгін қабылдамасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Сондықтан, табиғатты қорғауға қатысты кез-келген заң бұзушылықтың жолын кесу керек.
Өзеннің аңғарын түгел тексеріп, ондағы нысандардың заңдылығын мұқият қарау қажет. Жайық өзенінің бойын тазалап, экожүйені қалпына келтіру үшін нақты шаралар қабылдау керек. Бұл – облыс әкімінің және Үкіметтің тікелей міндеті»