Қасым-Жомарт Тоқаев Еділден жаңа су құбырын тарту мәселесі бойынша банктермен, қаржы институттарымен келіссөздерді жандандыруды үкіметке тапсырды, деп хабарлайды прези денттің баспасөз қызметі.
«Су сүзетін екі жаңа станцияны тезірек іске қосу керек. «Астрахань – Маңғыстау» су құбырының 80 пайызы әбден тозған. Оны жаңғырту жұмыстарын тездету қажет.
Сонымен бірге, Үкімет Еділден жаңа су құбырын тарту мәселесі бойынша банктермен, қаржы институттарымен келіссөздерді жандандыруға тиіс.
Аймақтағы суару каналдарының көпшілігі тозып тұр. Биыл 3 каналды жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Тағы 11 каналды қалпына келтіру керек. Үкіметке алдағы екі жылда осы жобаларға қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырамын.
Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті. Сондықтан, бұл мәселенің шешімін созбалаңға салуға болмайды», - деді президент.