Атырау облысына келген сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев «Атырау-Доссор» жолына қатысты тапсырма берді.
«Бұдан бөлек, жол бойындағы инфрақұрылымды дамытуға баса мән берген жөн. Ұлттық мұнай-химия кешенінің алғашқы кезеңі іске қосылғанда «Атырау – Доссор» жолындағы көлік қозғалысы күрт көбейеді. Сондықтан, құзырлы органдар бұл жолды ІІІ санаттан І санатқа ауыстыру мәселесін тез арада шешуге тиіс.
Атырау аймағындағы ауылдар бір орталықтан берілетін су жүйесіне қосылмаған. Көптеген елді мекеннің тұрғындары таза суды кейде белгілі бір уақытта ғана алады. Инфрақұрылым желісі әбден тозғандықтан, осындай ахуал қалыптасып отыр. Мысалы, Атырауды және Мақат ауданын сумен қамтамасыз ететін тазарту жүйесі апатты жағдайда тұр. Алдағы бес жылда тұщы су тапшылығы 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан, Үкімет пен облыс әкімдігі сумен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуға баса назар аударуы қажет», деді ол.