Атырау қаласындағы салынып жатқан нысандарды аралау барысында облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ «Атыраужылуэлектрорталығы» АҚ-на барып, облысты электрмен және Атырау қаласын жылу энергиясымен қамтитын мекеменің жұмысымен танысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
АЖЭО-ның егізгі құрал-жабдығы - 11 турагрегаттан, 14 жылу қазандығынан және 1 газ турбиналық қондырғыдан тұрады. Жылу беру маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында №2, №9, №11 жылу қазандықтарына және №5, №9 турбоагрегатарына күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бүгінде №2, №11 жылу және №9 турбоагрегатқа жөндеу жұмыстары толық жүргізілді. Қалған қондырғылар бойынша бекітілген кестеге сәйкес жұмыс жүргізіледі.
Облыс әкімі Талқайран елді мекеніндегі «Спутник» қалашығына барды. Мұнда бес қабатты 24 тұрғын үйдің құрылыс жұмысымен танысты. Құрылысы 2019 жылы басталып, жоспар бойынша 2020 жылы аяқталуы қажет болған. Бүгінде құрылыс материалдарының құны 2-3 есеге өсуіне байланысты жобалық сметалық құжатқа түзету енгізу туралы облыс әкімінің бұйрығы шығып, мердігер мекеме өкілдеріне таныстырылды.
- Құрылыс жұмыстарын күнделікті бақылауда ұстауымыз керек. Жұмыстың орындалуы туралы арнайы график бар. Сол бойынша жұмыс істеліп жатыр ма, кешігу фактісі кезекті ме, соны қадағалауымыз тиіс. Қандай да бір олқылық байқалса дереу шарасын алуымыз керек. Егер жұмыс қарқыны бұлай жалғаса берсе, онда биыл бітпейді. Сондықтан бұл жұмыстарды тездету керек, - деді С.Шәпкенов.
«Спутник» қалашығындағы жалпы аумағы 57 323 шаршы метрді құрайтын 24 тұрғын үйде 1080 пәтер бар.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ ұсынған суреттер