1 қарашада Атырау ықшамауданында КамАЗ жүргізушісінің қатысуымен жол-көлік апаты болды. Бақылау камерасы оның тұрғын үйлер арасындағы жол бойымен жылдамдықпен келе жатқанын, электр бағанасын «құлатып» кеткенін, содан соң күрт бұрылып, үйлердің бірінің тас қоршауын бұзып өткенін жазып алған. Полиция департаменті жүк көлігі аулада тұрған көлікті де соққанын айтты. Бағына орай, зардап шеккендер жоқ, бірақ айтарлықтай материалдық шығын болған.
Сондай-ақ, полиция 32 жастағы жүргізушінің мас болғанын хабарлады. Істі сотқа жеткізу үшін құжаттар жинақталып жатыр.
КамАЗ-дың «Арнаулы автобаза» ЖШС-не тиесілі екені белгілі болды. «АЖ» «Арнаулы автобаза» директоры Алмас ІЗТЕЛЕУОВТЕН комментарий алуға жүгінді. Оның айтуынша, қоқыс шығаратын көлік жүргізушісі Қарақалпақстан азаматы, ол ЖШС-ға осы жылдың сәуір айында жұмысқа орналасқан.
- Біздің жұмысшының қатысуымен болған оқыс оқиға кеше күндізгі сағат 16-дан кейін болды. Сол жерде барып, салдарын өз көзіммен көрдім, зардап шегуші отбасымен сөйлестім. Сол күні олардың газ құбырын жөндедік, енді электр желісін қалпына келтірмекпіз. Үй мен көлікке келтірілген шығынды да өтейміз, – дейді А.Ізтелеуов.
– Ал ол техниканы мас күйінде басқарғаны қалай? Ондайын бұрын байқадыңыз ба?
– Таңғы сағат жетіде біздің барлық жүргізуші жол құжатын алу үшін медициналық тексеруден өтеді. Өкінішке қарай, бұл жүргізушінің түскі астан соң ішімдік ішіп, рөлге мас күйде отырғаны кейін белгілі болды. Мұндай жағдай онымен және жалпы бізде бірінші рет болып тұр. Мұндайды өзіміз де күтпеген едік, қазір бұл мәселені шешеміз.
- Ол енді сіздерде жұмыс істей бере ме?
- Ол қазір тергеліп жатыр.
Кейін КамАЗдың жүргізушісіне қатысты іс Атырау қалалық әкімшілік істер бойынша мамандандырылған сотта қаралды. Сот оны ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігі (Көлік құралдарын, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы) бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға көлік жүргізу куәлігінен айырып, 20 тәулікке қамады.
Айнұр САПАРОВА
Атырау облыстық ПД жолдаған сурет