Атырау, 29 наурыз 06:08
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Қазақстанда кандидаттарды ұсыну басталды. Әзірге бірде-бір өтініш түспеген

1 179 просмотра

23 қыркүйекте Қазақстанда президенттіктен үміткерлерді ұсыну басталды. Ол 11 қазанда кешкі сағат 6-да аяқталады. Әзірге бірде-бір ұйым кезектен тыс президент сайлауына кандидат ұсынған жоқ, деп хабарлады жұма күні таңертең орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман ресми БАҚ өкілдеріне. 

Бұрынғы коммунистер, қазіргі "Қазақстан халық партиясы" кезектен тыс президент сайлауына кандидат ұсынбайды. Партияның баспасөз хатшысы Айгүл Ешмағамбетова 23 қыркүйекте Азаттық тілшісіне осылай деді.

"Халық партиясы" келе жатқан президент сайлауына өз тарабынан кандидат ұсынбайды. Сайлау туралы жаңалық шыққан кезде партияның төрағасы Ермұхамет Ертісбаев "Қазақстан халық партиясының" Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтынын айтқан" деді Айгүл Ешмағамбетова.

Елде тіркелген санаулы партиялардың бірі "Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы" жұма күні Азаттыққа кандидат ұсынатынын-ұсынбайтынын нақты айта алмайтынын, "мәселе съезде шешілетінін" жеткізді. Партия съезінің нақты күні де белгіленбеген.

"Ақ жол" партиясының жетекшісі Азат Перуашев қыркүйектің басында жергілікті ақпарат құралдарына партия кандидат ұсынуға дайын деп мәлімдеген. "Ауыл" партиясы кандидат ұсыну мәселесін әлі шешпегенін айтқан.

Бұған дейін тіркелмеген "Алға, Қазақстан" белсендісі, оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин президент сайлауына түсуге ниетті екенін жариялаған. Ол қарашаға жоспарланған президент сайлауына түсуге ниет білдірген екінші адам. Бұған дейін елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауға қатысатынын мәлімдеген.

Елде кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді. 23 қыркүйекте кандидаттарды ұсыну басталды.

Қазақстанда президенттікке 40 жастан асқан, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік қызметте кемі бес жыл жұмыс істеген, кейінгі 15 жылда елде тұрған адам үміткер бола алады. Азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушылар мемлекеттік қызметтегі бес жылдық өтіл азаматтардың президенттікке сайлану құқығын бұзатынын айтады.

Елде ресми тіркелген бес саяси партия бар: "Аманат" (бұрынғы "Нұр Отан"), "Ақ жол", Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, "Ауыл".

Қазақстанда ресми тіркеуден өте алмай жүрген он шақты партия бар. Олардың басым бөлігі өзін оппозициялық деп атайды.

Тәуелсіз сарапшылар Қазақстанда саяси партияны тіркеу талаптары қатаң екенін жиі айтады. Саяси партиялар туралы қолданыстағы заңға сәйкес, партия тіркеу үшін 20 мың адамның қолы қажет.

23 қыркүйек 2022, 15:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.