Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы «Атырау Жарық» АҚ вице-президенті Мейіржан ҒҰБАШЕВТЫҢ баяндамасымен басталғанымен, көп ұзамай оны мәслихат хатшысы Қаршыға ЖАУЫМБАЕВ тоқтатып, цифрларды оқымай, депутаттардың сауалдарына жауап беруін өтінді.
Депутат Серболат ШОРАЕВ «Атырау Жарықтың» мәселесі көп, оны шешу үшін комиссия құру қажет деген пікірін білдірді.
Депутат Ғани САҒЫНДЫҚОВ:
– Қандай инвестициялық жобаларыңыз бар?
– Біз бес жылға инвестициялық жобамызды қорғаймыз. Ақша бөлеміз. Жобаларымызды жыл сайын монополияға қарсы департамент тексереді. Бәрін өз ақшамызға жасаймыз. Бұл мемлекеттік емес, өз жобаларымыз, - деп жауап берді Ғұбашев.
Депутат Азамат АСЫЛБЕКОВ:
– Сіздер мемлекет инфрақұрылымын пайдаланасыздар, бірақ техникалық қызмет көрсету кезінде мемлекеттен қаржы сұрайсыз. Сіздер мемлекет меншігі арқылы табыс табасыздар, демек ТКШ-ге тиесілі желілерге тегін қызмет көрсетілуі керек, солай емес пе?
АҚ вице-президенті республика бойынша электр энергиясының тарифі Атырау облысында ең төмені екенін, ТКШ нысандарына тегін техникалық қызмет көрсету тариф көтерілген жағдайда ғана мүмкін екенін атап өтті.
– Бізде бес шұғыл бригада бар. Олардың санын көбейте алмаймыз. Қалалық ТКШ бөлімінен хат келсе, барып жөндейміз. Тіпті техника да бөлеміз. Жұмыс қорытындысы бойынша төлем аударады, - деді Ғұбашев.
Депутат Ерболат ДӘУЛЕТҚАЗИЕВ тарифтердің көтерілуі халықтың басым бөлігі үшін онсыз да ауыр жағдайды қиындатып отырғанын айтты. Бұған қатысты Ғұбашев электр қуатының ең төмен тарифі Атырау облысында екенін тағы бір мәрте еске салды.
Оның уәждері жиналғандарды иландырмады, талқылау соңында «Атырау Жарық» акционерлік қоғамын мемлекет меншігіне қайтаратын уақыт жетті деген депутаттардың пікірін білдірген құжат оқылды.
Фархат АБИЛОВ
Суреттерді түсірген автор