Атырауда бірнеше ондаған тұрғын зардап шеккен туристік фирмаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
- Біз Атырауда ұзақ уақыт бойы сенімді туристік агенттік іздедік. Мәртебесін, жұмыс тәжірибесін, пікірдерді қарадық. Ақырында Азаттық, 67 мекенжайында орналасқан «Fun and Sun travel» агенттігін таңдадық. Маусым айында осы агенттікке 2 рет бардық. Менеджер Наира жастар демалысымен танымал Түркияның Кемер қаласындағы қонақүйге кеңес берді. 22 маусымда жалпы соманың 30% - 300 000 теңге алдын ала төлемін жасадым, ал сапардың өзі шамамен 1 млн теңгеге шықты. Келісімшарт жасалды, онда, айтпақшы, басқа «Infinity Travel М» деген туристік агенттік көрсетілген. Біз 17 қыркүйекте ұшып шығуымыз керек еді, – дейді басқа зардап шеккендермен бірге «АЖ»-ға хабарласқан Нұрбол МАРАТ.
Шамамен бір айдан кейін оған туристік агенттіктен телефон соғып, 17 қыркүйекте әуе рейсі болмайтынын, қосымша төлеммен 5 немесе 8 күнге бару керектігін айтқан. 5 күн аздық ететінін ойлап, ол қосымша төлем жасауды ұйғарған. 1 миллионнан асатын сомада жаңа келісімшарт жасалған. 22 тамызда Нұрбол қалған 800 782 теңгені төлеген. Ал 26 тамызда «Қайта қоңырау шалыңыз, туристік агенттік жабылды» деген СМС-хабарлама келген. Телефон арқылы менеджер турагенттік басшысының олармен байланысқа шықпағанын, дереу полицияға арыз жазып бару керектігін айтқан. Сол жерде ол басқа жәбірленушілермен танысып, жағдайды бірге талқылап, таныстары арқылы агенттік басшысының күйеуіне хабарласып, ол үйді сату арқылы барлық қарызды өтеуге уәде берген.
«БҰЛАЙ БОЛАДЫ ДЕП КҮМӘНДАНБАДЫМ»
Алина СЕРГЕЕВА отбасымен бірге Мысырда демалуды жоспарлап, «Fun and Sun» туристік агенттігіне жүгінген. Алайда келісімшартта «Infinity Travel M» деген басқа агенттік көрсетілген. Қызметкерлер бұл компаниялар бірлесе жұмыс істеді, дәлірек айтсақ, «Infinity Travel M» агенттігі «Fun and sun» франшизасы бойынша жұмыс істеді деп түсіндірді.
- Біз сол фирмадан жолдама алуды жөн көрдік, өйткені былтыр қазан айында олардан тур алған едік, бәрі жақсы болды. 26 тамызда туристік агент күйеуіме телефон соғып, тез арада кеңсеге келіңіздер деді. Ол жерде басқа адамдар отырды, бізге туристік агенттік директоры Марта НАМНЫҢ жолдаманы төлемегенін және байланысқа шықпай отырғанын хабарлады. Бәріміз дереу қалалық полиция басқармасына арыз жазуға бардық. Содан соң WhatsApp тобын құрдық, ол жерде қазір 40 адам отыр. Агенттіктің әрекетінен бәріміз зардап шектік. Полицейлер Марта Намды іздеп жатқанын, бірақ әзірге таба алмай жатқанын айтады. Жолдамамызды менеджері Светлана НАМ арқылы алдық, оны Мартаның туысы дейді. Біз де оның үстінен арыз жаздық, өйткені ақшаны соған төледік. Қазіргі уақытта отбасымызбен елден тыс жерде жүрміз, келген соң сотқа жүгінеміз деп отырмыз, – дейді А.Сергеева.
Тағы бір жәбірленуші жолдаманы шілдеде сатып алғанын айтады.
- Бұл компанияны өзім таңдадым, өйткені «Fun and Sun» франшизасы өте танымал, сондықтан менде ешқандай күмән мен күдік болған жоқ. Оның үстіне, маусым айының басында әріптесім еш қиындықсыз олардың жолдамасымен қыдырып келді. Менеджер Наираға жолдама ақысын толық төледім, оның құны 1 120 000 теңге. 25 тамызда Наира телефон соғып, туристік компанияның директоры, билеттерді төлемегенін, барлық броньдар жойылғанын, қонақүйлердің ақысы төленбегенін, біздің демала алмайтынымызды айтты. Барлық клиент қазір арыз жазу үшін қалалық бөлімге бармақшы. Төбемізден жай түскендей болды, бірақ Наира менеджерлер тек турға бронь жасауға жауапты деп сендірді, ал директор қаржы мәселесіне оларды араластырмаған. Сөйтіп, жоспарланған сапарға бір апта қалғанда демалыссыз, ақшасыз қалдық, – деп шағымданады әйел.
Жағдайды анықтау үшін жәбірленушілер «Fun and Sun» компаниясының қолдау қызметіне хабарласқан, бірақ олар компаниямен келісімшарт 20 тамызда бұзылғанын, енді олардың бұл компанияға еш қатысы жоқтығын айтып, жауап берді.
«ДИРЕКТОРДЫҢ КҮЙЕУІ ОНЫҢ ҰЗАМАЙ КЕЛЕТІНІН АЙТАДЫ»
- Полицияға арыз жаздық, бірақ жұмыс өте баяу жүріп жатыр, - дейді зардап шеккендердің бірі Алина. – Ешқандай хабар жоқ, ешкім телефон соқпайды, бәрінен бейхабармыз. Екі ересек пен бір балаға жолдама алдық. Бәрінен де балаға жаным ашиды, не болғанын, не үшін бара алмай қалғанымызды оған қалай түсіндіресің.
Светлана Наммен сөйлесудің сәті түсті. Оның айтуынша, ол ешқандай комментарий бере алмайды, өйткені өзі компания директорының қайда екенін өзі де білмейді.
– Иә, туыспыз, жақын арада шығады, бәрін өзі түсіндіреді, деп күйеуі сендіріп отыр. Оның туыстары да келеді деп айтады. Бастапқыда мейрамдардан соң деп уәде берді, ал қазір қыркүйек басталды, ал біз әлі отырмыз, - дейді бізге Светлана Нам. - Біз тек осы компанияның қызметкерлеріміз, брондалған қонақүйлер, ұшу сапарлары және т.б. бар екенін түсінуіңіз керек. Мұның бәрін жою керек немесе адамдарды жіберу керек. Әрине, біз клиенттердің наразылығын түсінеміз, олардың арасында ұзақ жылдар бойы еш қиындықсыз демалысқа жіберген тұрақты клиенттеріміз көп. Марта Асқарқызы соңғы рет 25 тамызда хабарласты. Бұлай болып жатқаны өкінішті, ол жақын арада келіп, не болғанын бәріміз бірге анықтаймыз деп үміттенемін, - дейді Светлана Нам.
Менеджер Наираның комментарийі өте қысқа болды: «Агенттік жабылды, басшыны күтіп отырмыз. Өкінішке орай, алып-қосарым жоқ»,
– Бұл ұйым Қазақстанның туристік қауымдастығының мүшесі емес. Жәбірленушілерге арызбен, туристік қызмет көрсету шартының көшірмелерімен және туристік агенттік қызметтеріне ақы төленгенін растайтын басқа да құжаттармен құқық қорғау органдарына хабарласуда кеңес береміз, - дейді Қазақстан туристік қауымдастығының менеджері Алина ӘБДРАШИТОВА.
ТУРФИРМА ҚҰМҒА СІҢГЕНДЕЙ ҒАЙЫП БОЛДЫ
Жұмыс күні нағыз қызған шақта компания кеңсесіне келдім. Бірақ оның орнынан «TUI Kazakhstan» деген басқа туристік фирманың маңдайшасын таптым. Бізге хабарласқандар бұған дейін «Fun and Sun» компаниясының осылай аталғанын айтты. Есігі де, терезелері де жабылған, «Fun and Sun» деп жазылған жарнама қалқаны жоқ. Алайда жәбірленушілер бұдан бұрын оның кеңсе бойында тұрғанын алға тартады. Компанияның әлеуметтік желідегі парақшасы да жойылған.
– Осы жылдың 26 тамызында қалалық полиция басқармасына «INFINITY TRAVEL M» ЖШС туристік агенттігі тарапынан алаяқтық әрекеті дерегі бойынша Атырау қаласының 23 тұрғыны ұжымдық арызбен жүгінді. Сол күні ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 3-тармағы (екі немесе одан да көп адамға жасалған алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, - дейді Атырау облысының ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Мейірім ЕРДӘУЛЕТ.
Ал, бізге хабарласқан тұрғындар жоспарланған демалыстарын кімнің кінәсінен бұзылғанын білгісі келіп, ақшаларының қайтарылуын күтіп отыр.
Елена СҮНДЕТОВА
Суреттерді түсірген автор