Бүгін, 31 тамызда облыстық сот 10 жылға сотталған Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВТЫҢ апелляциялық шағымын қарауды жалғастырды. Сотталған Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур БАСАРОВТЫ көліктің болмауына байланысты қарауыл қызметі жеткізбегендіктен таңертеңгі отырыс сағат 14.30-ға шегерілді.
Түстен кейін олар залға жеткізіліп, сот отырысы жалғасты.Отырыс басында Таубаев судьялардан қазіргі сот процесін жазып жүрген журналистерге ескерту жасауды сұрады. Ол журналистердің өзінің денсаулық жағдайы жөнінде және шешім қабылданып, үкімнің өзгеріссіз қалғанын жазып жатқанын айтты.
– Заңда адамның денсаулығы дәрігерлік құпия болып табылады, ол жөнәнде оның келісімімен ғана жазуға болады делінген. Бәрі менің денсаулығым туралы жазып жатыр, бұл не сонда? Мен оларға ескерту жасауды немесе онлайн-трансляциядан ажыратуды сұрар едім. Бұған дейін «Үкім өзгеріссіз қалдырылды» деген мақала жарияланды. Сотқа қысым жасалып жатыр деп есептеймін, - деді Таубаев.
Осыдан кейін қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Раиса АҚҚҰЛОВА өз хатшысынан мені – іс жүзінде осы сот процесін жүргізіп жатқан жалғыз журналисті онлайн-трансляциядан ажыратуды өтінді. Бірақ бұл жерде «АЖ»-да бірінші сот инстанциясының үкімі өзгеріссіз қалдырылғаны туралы жарияланым болмағанын және болуы мүмкін еместігін, өйткені осы сот процесі әлі аяқталмағанын айқындау керек. Н.Таубаевтың денсаулығының жай-күйі туралы сотта, одан кейін «АЖ»-да (артық мәліметсіз) айтылған ақпаратқа келер болсақ, ол бұрынғы отырыстардың біріне келмегенін өз денсаулығына байланыстырып түсіндірген еді.
Айнұр САПАРОВА