Бүгін, 23 тамызда түскі үзілістен кейін судьялар алқасы Нұрлан Таубаевтың бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыру туралы өтініш бойынша шешімін жариялады: өтініш қанағаттандырылмады.
– 23 тамыздағы медициналық анықтамаға сәйкес, сотталушы Таубаев сот отырысына қатыса алады. Сонымен қатар, Атырау қаласындағы №4 емхананың дәрігеріне қаралып, процеске қатыса алатындығы туралы анықтама алынып, УГ 57/1 (тергеу изоляторы) мекемесінің медпунктінде қан қысымын бақылауға кеңес берді. Сот алқасы бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз жоқ деп есептейді, - деді Сот алқасының төрағасы Раиса АҚҚҰЛОВА.
Р.Аққұлова адвокат Игорь ВРАНЧЕВТІҢ сот сайты арқылы берілген өтініші туралы да хабарлады. И.Вранчев қазір Прагада екенін, 25-26 тамызда халықаралық конференцияға спикер ретінде қатысатынын атап көрсетіп, отырысты кейінге қалдыруды сұрайды. Алқа келесі сот отырысын 27 тамызға белгілеу туралы шешім қабылдады.
– Алқа адвокаттардың лайқысыз әрекетіне тағы да назар аударады, өйткені олардан бұрын сот отырысын оффлайн режимде өткізу туралы өтініш түсіп, қанағаттандырылған, – деді Р.Аққұлова. – Олар өз өкілеттіктерін тиісінше орындамайтындықтан, алқа отырыстарды онлайн режимінде өткізуге болады деп есептейді.
Айнұр САПАРОВА