Атырау, 2 мамыр 21:31
 ашықВ Атырау +11
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Алматыда жұп жаңа туған сәбиін 2 миллион теңгеге сатпақ болған

742 просмотра

Алматыда жаңа туған сәбиін сатпақ болған жұп ұсталды. Бұл қылмысқа қатысы бар деген күдікпен жеті адам қамауға алынды. Олардың әрқайсысының рөлдері нақты бөлінген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Полиция мәліметіне сәйкес, туылғанына 6 күн болған қызын 24 жастағы келіншек пен онымен бірге тұратын 21 жастағы адам сатпақ болған.

“Жұптың құрсақтағы баласын сатып алушыларды екі ай бұрын іздей бастағандығы анықталды. Баланы Алматы қаласының тұрғындары – 48 жастағы У. есімді азамат және 46 жастағы Е. есімді азамат алмақ болған. Тараптар 2 миллион теңгеге келіскен. Мәміле өткен демалысқа жасалды. Алайда Криминалдық полиция және Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармалары қызметкерлерінің қаланың әр жерінде бір уақытта жүргізген арнайы іс-шарасы күдіктілердің жоспарын бұзды. Алғашқылардың қатарында қыздың биологиялық ата-анасы ұсталды. Одан кейін әлеуетті сатып алушылар және ерлі-зайыпты делдалдар қолға түсті. Келесі қадам ақшалай сыйақы үшін баланың құжаттарын рәсімдеу міндетін өз мойнына алған 56 жастағы А. есімді азаматты ұстау болды”, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.

Алайда полицияда нәресте мен мәміленің қалған сомасын бір-біріне беру кезінде сатып алушылар мен делдалдардың бір уақытта ұсталғанын атап өтті. Сонымен қатар делдалдардың қолында тағы екі бала болған. Алайда олар балалардың жеке басын куәландыратын құжатты көрсете алмады.

“Арнайы іс-шараның нәтижесінде күдіктілерден үш сәби алынды. Олар тексеріп, қажет болған жағдайда көмек көрсету үшін  медициналық мекемеге жеткізілді. Күдіктілер бұл балаларды “тірі” тауар ретінде пайдалануы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Тергеу міндетті түрде шындықты анықтайтын болады”, – деді Аханов.

Қазір Қылмыстық кодекстің 135-бабы 2-бөлігі (Кәмелетке толмағандар саудасы) бойынша тергеу жүріп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

22 тамыз 2022, 16:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.