Атырау, 5 қазан 14:20
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Картонмен қапталатын тауарлар қымбаттап жатыр

903 просмотра

Елімізде картонмен қапталатын тауарлар қымбаттап жатыр, деп хабарлайды КТК арнасы.

Құнына қаптама да тікелей әсер еткен. Елмізде сүт, кондитерлік өнімдер мен түрлі сусындар сынды картонмен қапталатын тауарлар қымбаттап жатыр. Өйткені, қаптаманың бағасы айтарлықтай өскен. Картон мен қағаздың басым бөлігі тек шетелден келеді. Оған соңғы уақыттағы тасымалдың ақсауы да қосылған. Енді амалдың жоқтығынан тауар бағасын да өсіруге мәжбүрміз дейді отандық кәсіпкерлер. 

Биылдан бастап өндірісінде картон қолданатын кәсіпкерлердің жұмысы біршама тұралаған. Солардың бірі Алматыдағы торт пісіретін кондитердің иесі Мария Рышкова. Осы салада 7 жыл тоқтамай жұмыс істеп келген ол картон бағасының өсуіне байланысты биыл өніміміз 15 пайызға қымбаттады дейді. Мәселен, торттарды қаптайтын мына қораптардың әрқайсысы осыдан үш ай бұрын 35 теңге тұратын. 

Ал, қазір мұның бағасы екі есе көтеріліп, 70 теңгеге дейін бір-ақ шығыпты. Сәйкесінше, кәсіпкерлер тәттінің құнын да шарықтатуға мәжбүр болдық деп шырылдап отыр. 

Мария Рышкова, кондитерлік цехтың директоры: 

- Қаптама қымбаттап жатыр. Өйткені, отандық өндіріс жоқ. Өзімізде қағаз, картон, тіпті пластик те өндірілмейді.  Барлығы сырттан келеді. Қаптамалардың бағасы қымбаттап жатқан соң, біз де өз өніміміздің құнын өсірдік. Құр қол жалғыз тортты ешкімге бере алмайсың. Тұтынушыларға тәттілер бүлінбей жету үшін сыртында қорап болады.

Сол қорапты көлеміне келтіріп, әрлеп-сәрлеп кондитерлер мен өзге де орындарға сататын баспахана иелері де картон бағасының шарықтап кеткеніне күйініп отыр. Өйткені, дені Ресей мен Қытайдан келетін тауардың бағасы құбылып тұрғасын, биыл өнімдері қымбаттап, сатылымы 30 пайызға төмендеген. 

Наргиз Рахметова, баспахана директоры:

- Биыл өкінішке қарай өндіріс қымбаттады. Кем дегенде 30 пайызға дейін. Бұл әрине біріншіден біз қолданатын материалдардың қымбаттауына байланысты. Ол қағаз, картон. Жеткізушілер рубль бағамы мен доллардың шарықтап кетуі себеп деп отыр. Өйткені, бізге қажет картоннің бір бөлігі Ресейден, бір бөлігі Қытайдан келеді.

Ресейдегі картон қаптамаларын өндіретін компаниялар да рубль бағамының құбылуына байланысты шикізаттың қымбаттағанын растап отыр. Сондай-ақ логистика, яғни тауар тасымалдау қиындап кеткен. Алайда, қазір жағдай тұрақталды дейді олар. 

Александр Тихонов, Картон қаптамаларын өндіретін компания директоры: 

- Картон қоймалардан сатылымға шыққан кезде бағасы өте жақсы болды. Шамамен 1 тоннасы үшін 100 мың рубль. Бұл баға өткен жылдың соңына дейін сақталды. Жаңа жылдан кейін баға бірден өсіп, картон өте тапшы болды. Картонға қажеттілік те күрт өсті. Сөйтіп, картонды өндірушілер мен сатушылар бағаны бір жарым есе өсіріп жіберді.

Десе де, елімізге келетін бұл өнімнің құны әлі көңіл көншітпей тұр. Өйткені, картонды жеткізушілер өз қалталарын қампайтуды ғана ойлап, жыл басында көтерілген бағаны әлі түсірмей отырған көрінеді. Сәйкесінше, өндірісінде картон қолданатын кәсіпкерлеріміз шарасыздан тауар бағасын өсіруге мәжбүр. 

26 шілде 2022, 10:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.