Атырау, 19 сәуір 04:35
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Жаз: мигранттар легі ағылуда

Сурет Бейнежазба
1 713 просмотра

Атырауға шетелдік мигранттар легі ағылуда. Олар бірнеше аптадан бері Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының табалдырығын тоздырып жүр. Дәл осы жерде қазір «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» Атырау облысы бойынша көші-қон бөлімі орналасқан. Айта кету керек, бөлім ол жаққа 25 мамырда Авангард-2 ықшамауданынан көшіп келген.

Жақында «АЖ» тілшісі сол жерге барды. Бізді бөлім басшысы Ернияз ЕСЕТОВ қарсы алды. Оның айтуынша, 13 маусымға дейін бұл жерде ұзын-сонар кезек болса, қазір ол азайған. Себебі құжаттарды қабылдау үшін қосымша 28 терезе ұйымдастырылған. Мұны осында уақытша тұруға рұқсат құжатын, ЖСН рәсімдеуге, жұмыс істеуге рұқсат алу үшін келген шетелдік азаматтардың өзі де растады.

– Шетелдік мигранттар әдетте құрылыс маусымы қызып тұрған кезде – мамырдан қазанға дейін бізге тіркелу үшін көп жүгінеді. Бұрын негізінен Өзбекстан азаматтары болса, Украинада соғыс басталғаннан кейін Тәжікстан мен Әзірбайжаннан көптеп келе бастады. Бұдан басқа, елде 16 сәуірден бастап Өзбекстан азаматтарының төлқұжатындағы мәліметтерге түзетулер енгізіле бастады. Келушілер легі де осыған байланысты, – дейді Е.Есетов.

Жұмысқа рұқсат алу үшін Қазақстаннан жұмыс беруші тауып, онымен еңбек шартын жасау керек. Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Молдова, Грузия және Украина азаматтары жұмыс істеуге рұқсат алғаннан кейін ғана жұмыс істеуге құқылы. Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Армения азаматтарына рұқсат қажет емес, еңбек шарты жеткілікті.

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Өзбекстан Республикасында шетелге шығу үшін жаңа биометриялық төлқұжаттар енгізілді. Өзбекстан азаматтары жұмыс жасауға рұқсат алуға жүгінген кезде мемлекеттік деректер базасында ескі төлқұжат дерегі көрсетіліп, жаңа төлқұжатқа ЖСН тіркелмеген. Жүйедегі сәйкессіздіктерді жою мақсатында ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат ҚОЖАЕВ облыстық полиция департаменттеріне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға және ҚР Еңбек және халықты қорғау министрлігіне мигрант ЖСН алу үшін ХҚО-ға жүгінген кезде ҚР-да заңды болу мерзімі әлі аяқталмаса, бірақ бірақ бұл мерзім мемлекеттік қызмет көрсету салдарына байланысты өтіп кеткен болса, оны әкімшілік жауапкершілікке тартпау (ҚР ӘҚБтК 517-бабы), яғни, шетел азаматтары жүгінген кезде оларды ЖСН алғанға дейін белгіленген мерзім ішінде уақытша болу мерзімін кешіктіргені үшін оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпау жөнінде нұсқау берді. ЖСН 10-15 күн ішінде беріледі. Мигранттар легіне байланысты бұл мерзім ұзарады.

Қабылдаушы тарап, яғни Қазақстан азаматы мигранттың келгені туралы үш күн ішінде хабарлап, 30 күн ішінде оның ҚР-да уақытша болуын заңдастыруы қажет.

 

ӘЗІРГЕ ЖАЗАЛАМАУДЫ ҰЙҒАРДЫҚ

Осы жылдың 15 мамыры мен 23 мамыры аралығында Атырау облысы ПД-нің Көші-қон полициясы басқармасына ЖСН алу үшін 7 мыңнан астам шетелдік азамат жүгінген. Басқарма басшысының м.а. Әділжан ЖАНШИННІҢ айтуынша, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш есеге көп. Мұны Ернияз Есетов те растады. Ал 23 мамырдан бастап шетелдіктердің ЖСН алуға берген өтінішін Халыққа қызмет көрсету орталығы қабылдайды. Олар әзірге нақты статистикалық мәлімет бере алмайды.

- ІІМ-нің ЖСН рәсімдеу кезінде уақытша болуды тіркеу мерзімін өткізіп алған шетелдікті әкімшілік жауапқа тартпау туралы нұсқауы бар. Жұмыс істеуге рұқсат құжатының негізінде біз шетелдіктерге бір айдан бір жылға дейінгі мерзімге уақытша болуға рұқсат береміз.

ХҚКО жұмыс жасауға рұқсат алу үшін құжаттарды қабылдайды, көшірмесін бізге жібереді, біз оларды ақпараттық базада тексереміз. Ал қорытындыны қазір Атырау қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлы Хабиева беріп отыр. Өткен жылы бұл қызметті біз атқардық, – дейді Ә.Жаншин.

Ернияз Есетовтің айтуынша, 17 маусымға дейін қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бұл нұсқау жазбаша түрде болмағандықтан уақытша жүруге рұқсат беруден бас тартқан. 17 маусымда хат келген. Есетов халыққа қызмет көрсету орталығының іші енді ығы-жығы болмайды деп есептейді.

Хабиеваның өзі телефон арқылы бізге жауап бермеді, ол қала әкімінің атына ресми сауал жолдауды өтінді.

Бізге ХҚКО-на Атырау қаласының тұрғыны Салауат ҚҰРМАНҒАЛИЕВ жүгінді. Ол жұмыс істеуге рұқсат алу үшін Өзбекстанның үш азаматын бірге алып келген. Оларды жеке үйін салуға жалдаған екен. Оның айтуынша, олар 2 мамырда келген, содан бері құжаттарын рәсімдей алмай жүр.

Бізге бірнеше рет жұмыс істеуге рұқсат құжатын беруден бас тартты. Қазір кезек азайды, бірақ әлі де рұқсат құжатын бере алмай жатыр. 1 маусымда, сосын 3-де, содан кейін 9-да келіңіз деді, бірақ кейін бас тартылғаны туралы айтты. Ескі төлқұжатта ЖСН бар, ал жаңасында жоқ екен. Біз оны ХҚКО-на тіркейміз. Әрлі-берлі сабылудан шаршадым. Оның үстіне құжаттар да жоғалған. Мәселен, жеке емханадан сатып алған медициналық сақтандыру құжаты жоғалып, екінші рет төлеуге тура келді, – дейді С.Құрманғалиев.

Есетов оған бүкіл құжат көші-қон бөлімінде сақталуы тиіс, олар міндетті түрде табылады деп жауап берді.

– Уақытша жүруге және жұмыс істеуге рұқсат беретін мемлекеттік мекемеге тапсырылған құжаттар кейде бізге келмей жатады. Бұрын көші-қон полициясы дубликатын беретін, енді оны Еңбек министрлігі беруі керек. Солардан сұраймыз, оған 3-4 күн кетеді, - дейді Есетов.

Өзбекстан азаматы Азамат ИСМАИЛОВ – Хорезм қаласынан осында құрылыс салу үшін келген. Өткен жылдары ол да осы мақсатпен Атырауға келіпті, бірақ қазір төлқұжат мәліметтерін базаға енгізу кезінде қиындықтарға тап болып отыр.

– Отанымызда жасыл төлқұжатты қызылға ауыстырған кезде құжаттың деректерін енгізу қиындап кетті. Мұнда келгеніме екі ай болды, үш айға уақытша рұқсат алдым. Енді жұмысқа рұқсат алу үшін ЖСН алуға келдім, – дейді А.Исмаилов.

Ал Дәмегүл САИДОВА Қарақалпақстанның Шымбай қаласынан. Ол бұрын ХҚКО-да ұзақ кезекте тұрғанын, бірақ 17 маусымда «бар болғаны» 20-30 минут күтуге тура келгенін айтады.

– 17 маусымнан бастап тез қабылдап жатыр. Өзім де үш айға рұқсат алдым, бір күн бұрын құжаттарымды тапсырып, рұқсат алдым, – дейді Саидова.

Ә.Жаншиннің соңғы мәліметі бойынша, Атырау облысында 6 ай ішінде 30 056 шетелдік уақытша тіркелген. Бұған бір айға келіп, сол уақыт ішінде кеткендер кірмейді. Еске салсақ, Қазақстанға келетін шетелдіктер 30 күнтізбелік күн ішінде тіркеуден босатылған.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

4 шілде 2022, 18:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.