Атырау, 24 қараша 14:34
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинадағы соғыс: 131-күн

1 170 просмотра

Донецк телеграм-арналарында өзін-өзі жариялаған ДНР аумағында орналасқан Снежное қаласындағы күшті жарылыс салдары туралы бейнероликтер жарияланды, деп хабарлайды BBC.

* * *

Белгородтағы 26 көпқабатты үйдегі 350-ден астам пәтер украиналық атқылаудан зардап шекті, деп хабарлады қала мэрі Антон Иванов. Бұл туралы EAdaily жазады. Оның айтуынша, жексенбіде күні бойы қала тұрғындары мүліктің бүлінгенін хабарлаған. Көбінесе терезелер сынған. Ол құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрліктерімен бірлесіп, жөндеу жұмыстары жоспарланғанын, қазір аумақты тазарту жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

* * *

Ұлыбритания Ресейдің тыйым салынған активтерін Украинаға беру үшін тәркілеу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл мәлімдемені дүйсенбі күні Швейцарияда өтетін конференцияда Сыртқы істер басшысы Лиз Трасс жасайды, деп жазады РИА Новости. Оның айтуынша, бұл бастама заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етуі мүмкін.

* * *

Австралия премьер-министрі Энтони Албанезе Украинаға 99,5 миллион австралиялық доллар (67,8 миллион доллар) көлеміндегі әскери көмектің жаңа пакетін жариялады, деп жазады ТАСС. Бұл көмекке 14 бронетранспортер, 20 Bushmaster көлігі және австралиялық қорғаныс өнеркәсібі шығарған басқа да әскери техника, сондай-ақ НАТО-ның тиісті мақсаттық қорына аударылатын жарна кіреді. Австралияның Украина Қарулы Күштеріне көрсеткен барлық әскери көмегінің жалпы көлемі 388 миллион австралиялық доллардан (230,6 миллион доллар) асады.

* * *

Владимир Зеленский Лисичанскіні қайтаруға уәде берді. Украина президенті Киев күштері Ресейдің шабуылынан кейін шығыс Донбасстағы Лисичанскіден шегінгенін мойындады, бірақ батыстан алыс қашықтықтағы қару-жарақпен аймақты бақылауға алуға уәде берді, деп жазады Reuters.


* * *

Германия Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беру жағын талқылап жатыр.

Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беру жағы жіті талқыланып жатыр. Германия канцлері Олаф Шольц жергілікті телеарналардың біріне берген сұхбатында осылай деді. Шольцтың сөзінше, қазір Германия өз одақтастарымен бірге аталған мәселе бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

Бір анығы, кепілдік шарттары НАТО-ға мүше мемлекеттерге берілетін қауіпсіздік кепілдігінен өзгеше болады, деді неміс канцлері. Айта кетейік, желтоқсанда канцлер қызметіне кіріскен Шольц  Украинадағы ахуалға қатысты нақты шаралар қабылдамағаны үшін қатаң сынға ұшыраған еді.

* * * 

Украина әскері Лисичанск қаласынан шегінді.

Украина әскері Лисичанск қаласынан шегінді. Бұл туралы ел президенті Владимир Зеленский мәлімдеді. Бірақ ол қаланы азат ету үшін қайта оралатынын айтты. Бұған дейін Украинаның әскери қолбасшылығы жауынгерлердің өмірін сақтап қалу мақсатында Лисичансктегі сарбаздарын әкету туралы шешім қабылдаған еді. Өйткені Ресей күштері басым болған. 

Владимир Зеленский Украина Президенті:

- Ресейде Украина қалаларын жермен-жексен етуге жететін «Смерч», «Ураган», «Град» сияқты жүйелері бар. Қазір олардың қарулы күштерінің басым бөлігі Донбасста шоғырланған. Олар күн сайын майданның бір бөлігінде ондаған мың артиллериялық снарядтарды қолдана алады. Командирлеріміздің жау басым аймақтардан, әсіресе Лисичансктен сарбаздарды кері қайтаруының себебі бар. Біз тактикамыз бен заманауи қару-жарақ көлемін арттыру арқылы қайта оралатын боламыз. 

Ресей Лисичанскты бақылауына алды Лисичанск толығымен Ресейдің бақылауына өткенін жуырда осы елдің қорғаныс министрлігі хабарлаған еді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, қарулы күштер сондай-ақ қала маңындағы елді мекендерді де бақылауда ұстап отыр.

Естеріңізге сала кетейін, соңғы бірнеше күнде Лисичанск үшін қиян-кескі шайқас жүрген болатын.*

* * *

Белгород билігі түнгі жарылыстардан үш адамның мерт болғанын мәлімдеді: Мәскеу мен Киев бір-бірін айыптады.

3 шілдеге қараған түні БАҚ Белгородтағы жарылыстардың видеосын жариялады. Ал аспанда әуе шабуылына қарсы қорғаныстың жұмыс істегенін көруге болады. Аймақ губернаторы қаза тапқандар мен ғимараттардың қирағаны туралы мәлімдеген, алайда нақты не болғанын түсіндірмеді.

Белгород облысының басшысы Вячеслав Гладковтың сөзінше, қалада бірнеше ірі жарылыс болған. Кейін ол кем дегенде үш адамның мерт болып, тағы төрт адамның жарақат алғанын айтты. Олардың ішінде ауыр жағдайда жатқан ер адам мен 10 жастағы бала да бар. 

Гладков 11 көпқабатты және 30-дан аса жеке үйдің жартылай, 5 жеке үйдің толығымен қирағанын қосып өтті. 

Курск облысының губернаторы Роман Старовойт әуе шабуылына қарсы қорғаныстың Курсқа ұшып келе жатқан екі украиналық "Стриж" ұшқышсыз аппараттарын атып түсіргенін мәлімдеді. Нәтижесінде ешкім зардап шекпеген. 

"Өкінішке орай Белгородтағы жағдай бөлек. Қарсылас шабуылынан бейбіт тұрғындар қаза тауып, жарақат алды, ал олардың үйлері қирады", – деп қосты ол.

Украина билігі Белгородта қираған көпқабатты үйлерде ресейлік "Панцирь С1" зениттік ракеталарының бөлшектері қыстырылып қалғанын алға тартты. 

Одесса облыстық мемлекеттік әкімшілігі жанындағы қоғамдық кеңесінің төрағасының Сергей Братчуктың сөзінше, Украина қарулы күштерінде мұндай зымыран кешендері жоқ.

Ал ресейлік сенатор Андрей Клишас Белгородтағы жағдайды "ең қатаң жауапты қажет ететін Украина тарапынан төнген агрессия акті" деп бағалады. Украина билігі бұл айыптауға қатысты жауап берген жоқ. 

Ресейдің Украинамен шектесетін аймақтарындағы секілді Белгородта да сәуірде террористік қауіптің "сары" деңгейі жарияланған. Соғыс басталған уақыттан бері бұл облыстардың басшылары атыс және жарылыс туралы бірнеше рет мәлімдеген. Ал Белгород облысында екі бейбіт тұрғынның өлімі туралы хабарланған. 

11 мамырда атыс салдарынан Солохи ауылында бір адам мерт болып, жеті адам жарақат алды. Ал 27 мамырда Журавлевка ауылында әйелдің өлімі туралы айтылған. 

Бірнеше апта бұрын Белгород облысының басшылығы Журавлевка және көрші Нехотеевка ауылдарының тұрғындарын эвакуациялау туралы мәлімдеген. 

Украина президенті Владимир Зеленский украиналық сарбаздардың Ресей аумағында әрекет етіп жатқанын жоққа шығарған. Бұған қарамастан Украина ұлттық қорғаныс және қауіпсіздік кеңесінде қажет жағдайда шекаралас Ресей аумағында әскери іс-қимыл жүруі мүмкін екені айтылған. 

* * *

Шойгу сепаратистік "ЛХР азат етілгенін", Украина Луганск облысының соңғы қаласынан шегінгенін хабарлады.

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Владимир Путинге сепаратистік "Луганск халық республикасының азат етілгені жөнінде мәлімдеген" .

Шойгудің сөзінше, Лисичанск қаласына Ресей әскері толық бақылау орнатқан.

Украина әскері кеше Луганск облысының Лисичанск қаласын тастап шыққан. Бұл жөнінде Украина әскері бас штабы "күші әлденеше есе басым жаумен ұстаспай шегінгенін, міндетті түрде қайта оралатынын" хабарлаған.

Лисичанск - Украина әскері бақылауындағы Луганск облысының соңғы қаласы болатын.

Кейінгі аптада Лисичанск қаласы үшін кескілескен шайқас жүрген.

* * *

Лукашенко Украинаны Беларуське зымыранмен соққы жасамақ болды деп айыптады.

Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенко 2 шілдеде белорус әскері Украина жағынан жіберілген зымырандарды атып түсірді деп мәлімдеді, бірақ сөзіне ешқандай айғақ-дәлел келтірмеді.

"Бізді арандатып жатыр" деді Лукашенко сенбі күні. Оның сөзінен Беларусьтің мемлекеттік "БЕЛТА" ақпарат агенттігі үзінді келтіреді.

"Үш күн бұрын Украина аумағынан Беларусьтегі әскери нысандарға соққы жасамақ болды. Бірақ Украина күштері ұшырған зымырандарды "Панцирь" кешенінің көмегімен атып түсіре алдық" деді ол. "Коммерсант" басылымының жазуынша, Лукашенко Беларусьтің Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шарада сөйлеген.

Лукашенконың тұжырымдауынша, "бір оқпен екі қоянды ату үшін" яғни, Беларусь және одақтасы Ресеймен "бір мезетте есеп айырысу үшін" Минскіні Украинадағы соғысқа араластырғысы келетіндер бар. Оның сөзіне қарағанда, Беларусь Украинада соғысуға талпынбайды, бірақ шабуыл жасалса, амалсыз соғысуға мәжбүр болады. Лукашенко әскерилерге "Минск қарсыластарының" шешім қабылдайтын орталықтарын "нысанаға алу" жөнінде бұйрық бергенін атап өтті. Ол сонымен бірге НАТО мен Еуроодақ та Ресей мен Беларусьті арандатқысы келеді деп санайды.

Украина жағы Лукашенко сөзіне әлі жауап берген жоқ.

Беларусь Украинадағы соғысқа тікелей қатысып жатқан жоқ, алайда соғыс басталғалы бері Ресейге логистикалық жағынан көмек беріп келеді. Атап айтқанда, Ресей әскерінің біраз бөлігі Украинаға Беларусь шекарасы арқылы кірген.

Батыс елдері Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты Мәскеу мен Минскіге бірнеше қатаң санкция салған.

2020 жылдың тамыз айындағы президент сайлауынан кейін АҚШ, ЕО елдері және өзге де бірқатар елдер Александр Лукашенконы елдің заңды президенті деп мойындамайды. Лукашенко мен оның төңірегіндегі шенеуніктерге сайлау қорытындысымен келіспеген наразылардың жаппай акциясын күшпен басып, белсенділерді қудалап, азаптағаны үшін санкция салынған. Лукашенко режимін құқық қорғаушылар адам құқықтарын өрескел бұзды, оппозицияны қудалады деп айыптаған.

* * *


Ақпараттар kz.kursiv.media4.kzStan.kz, Азаттық радиосы басылымдарынан алынды.

4 шілде 2022, 12:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.