Ресей тұрғындары украин визасын алу үшін ресейлік сегіз қаладағы VFS Global орталықтарының біріне жүгіне алады, деп хабарлады Азаттық радиосы Украина сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Өтінішті үшінші бір елдегі украин дипломаттары қарайды, себебі 24 ақпанда Ресей әскері Украина аумағына басып кірген соң Киев Мәскеумен дипломатиялық қарым-қатынасты үзген, украин дипломаттарының бәрі бұл елден кеткен.
Алайда виза алған күннің өзінде Ресей азаматтары Украина аумағына кіре алмауы мүмкін. Түпкілікті шешімді бақылау-өткізу бекетіндегі шекарашылар қабылдайды.
Украина президенті Владимир Зеленский осындай шешім ұлттық қауіпсіздікті сақтау мақсатында қабылданғанын айтқан.
Ресей сыртқы істер министрлігі Киевтің бұл әрекетіне қарымта шешім қабылдайтынын ескерткен.
Қырым аннексияланғанда, Донбасстағы әскери жанжал басталғанда да Ресей мен Украина арасындағы визасыз жүйе бұзылған жоқ. Ресейліктер Украина аумағында 90 күнге дейін емін-еркін жүре алатын. 2014 жылдан соң Украинаға баратын ресейліктер саны күрт азайған. Мемлекеттік шекара қызметінің хабарлауынша, 2021 жылы Украина шекарасынан жарты миллион ресейлік өткен.