Атырау, 24 қараша 16:02
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинадағы соғыс: 121-күн

1 393 просмотра

ЮНЕСКО-ның бағалауы бойынша, соғыс қимылдары кезінде Украинада 152 мәдени нысан жартылай немесе толық жойылды, делінген ұйым мәлімдемесінде.

* * *

Украинаның Әділет министрлігі Ресейге қарсы Еуропалық Адам құқықтары сотына шағым түсірді, деп хабарлады министрлік.

* * *

Украина президенті Владимир Зеленский өз еліне ЕО кандидаты мәртебесін беруді жеңіс деп атады. «Жаңа ғана кандидатура мақұлданды. Жеңіс. Біз 120 күн күттік. Және 30 жыл», - деді Зеленский. Ол сондай-ақ Украинаның болашағы Еуроодақта екенін айтты.

* * *

Ұлыбританияға заңсыз кірген украиналық босқындар теориялық тұрғыдан жаңа схема бойынша Руандаға жіберілуі мүмкін, деп хабарлады Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон елге сапары кезінде, деп хабарлайды Guardian. Алайда үкімет басшысы мұны «екіталай» деп атады. Лондон елмен жасалған жаңа келісім бойынша елге заңсыз келген мигранттарды Руандаға жіберуді жоспарлап отыр.

* * *

АҚШ Сенатының халықаралық қатынастар комитеті Ресейді терроризмді демеуші-мемлекет деп тану туралы қарарды қолдады. Бұл туралы «Америка дауысы» хабарлайды.

* * *

Украина әскерилеріне Северодонецктен күшейтілген позицияларға шегінуге бұйрық берілді. Бұл туралы «Дом» телеарнасының эфирінде Украинаның Луганск облысы әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдай мәлімдеді.

* * *

АҚШ Украинаға жаңа әскери көмек бөлді.

АҚШ Украинаға 450 миллион доллар көлемінде жаңа әскери көмек бөлетінін жариялады. Бұл туралы Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің стратегиялық байланыс жөніндегі үйлестірушісі Джон Кирби мәлімдеді. 

Жаңа көмек бойынша Украинаға «Химмарс» деп аталатын дүркіндетіп ататын реактивті жүйе, зеңбірек оқтары және патрульдік қайықтар жіберіледі. Бұл көмек Украинаға қару-жарақты жеңілдетіп жеткізуге мүмкіндік беретінен ленд-лиз бағдарламасына жатпайды. 

Жалпы, АҚШ Украинада қарулы қақтығыс басталғалы Киевке 6 миллиард доллардан астам әскери көмек көрсеткен.

* * *

Украинадағы бейбіт тұрғындар арасындағы құрбандар туралы тың мәлімет жарияланды.

БҰҰ Украинадағы бейбіт тұрғындар арасындағы құрбандар санына қатысты тың мәлімет жариялады. Ұйым өкілдерінің дерегіне қарағанда бұл елде қарулы қақтығыс басталғалы 4634 бейбіт адам қаза тапқан. 5 мыңнан аса тұрғын жараланған. 

Марқұмдардың 320-сы бала. Бірақ ұйым өкілдері шын мәнінде құрбандар саны ресми ақпардан әлдеқайда көп болуы мүмкін деп отыр. Бейбіт тұрғындар көбіне зеңбірек және зымырандармен атқылаудан көз жұмып жатқанын айтады. 

Ал қарулы қақтығыстан қазірге дейін 8 миллионнан аса адам баспанасын тастап босқынға айналған. Олардың басым бөлігі Польшаға бас сауғалаған.

* * *

Украина мен Молдова Еуроодаққа үміткер елдер мәртебесін алды.

Брюссельде өткен Еуропа одағы саммиті Украина мен Молдоваға одақ мүшелігіне кандидат статусын беру туралы шешім қабылдады.

Бұрынғы кеңестік екі республиканың ЕО мүшелігіне өтінімдері рекордтық қарқынмен қаралды. Еуроодақ төрағасы бұл елдердің Еуропалық Одақтағы критерийлерге сай болу үшін үлкен өзгерістер жасап, кемшіліктерді түзету керек екенін ескертті.

Саммитте сөз сөйлеген Франция президентті Эммануэль Макрон Одақтың Украинаға практикалық көмек көрсеткенін атап өтті.

«Біз жылдам, тарихи маңызды және біртұтас шешімдер қабылдадық. Украинаға макроэкономикалық, әскери, қаржылық қолдау көрсеттік, енді осы саяси қимылмен қолдау білдірудеміз», - деді Франция президентті Эммануэль Макрон.

Еске сала кетсек, бұған дейін Еуроодақтың Киевке кандидат мәртебесін бергісі келетіні туралы хабарланған.

* * *

Украинада америкалық жалдамалы әскер соғысып жатыр – ресейлік сарапшы.

АҚШ-тың агрессиялы сыртқы саясаты және НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюі еуропа қауіпсіздік жүйесінің бұзылуына, Азия мен Солтүстік Америкада әскери қауіптің артуына әкелді, деп жазды ресейлік әскери шолушы Александр Хроленко.

Харьков маңында қолға түскен америкалық жалдамалылар – 39 жастағы Александр Дрюке мен 27 жастағы Энди Уинх өлім жазасына кесілді, бұған Ақ үй наразылық танытты. Дегенмен мұндай "еріктілер" Женева конвенциясымен қорғалмайды және әскери тұтқындар қатарына жатпайды.

9 маусымда ДХР Жоғарғы соты үш жалдамалы сарбазды – Ұлыбританияның екі азаматы мен Марокконың бір азаматын өлім жазасына кесті. Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы кезінде қолға түскен кез келген шетелдік "легионер" тура осындай жазаға тартылуы ықтимал.

Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 24 ақпан мен 17 маусым аралығында Украинада 530 америкалық жалдамалы жауынгердің 210-нан астамы көз жұмды. Бұл бір батальонға тең көрсеткіш. Ал Польша 378 "легионерден" айырылды. Беделді The New York Times басылымы украин оқиғасында АҚШ "шектен шығып", Ресеймен тікелей қақтығысқа кірісіп кеткенін жазды.

"Ұлыбритания Украинадағы қақтығыста бір ротадан айырылды – 422 "еріктінің" 100-ден астамы мерт болды. Ал Украина Қарулы күштерінің "шетелдік легионында" 6 956 жалдамалы жауынгердің 1 956-ы өлген. Украинадағы соғыстың сұрапылдығы 64 елден келген 1 179 "еріктіні" аман-сау тұрғанда үйлеріне қайтуға мәжбүрледі. Бүгінде Киев режимінің бақылауында 3 220 "легионер" бар", - деп жазды Хроленко.

Лондон Донецк аумағында өлім жазасына кесілген екі британға қатысты Ресейге нота жолдады.

Сарапшының пікірінше, украин дағдарысының өршуі мен ұжымдық Батыстағы экономикалық проблемалардың артуы америкалықтар мен еуропалықтардың украин президенті Владимир Зеленскийдің талап-өтінішіне баса назар аударуын бәсеңдетіп жатыр. Еуроодақ тұрғындарының жартысынан көбі антиресейлік санкциялардың салдарынан қымбатшылыққа тап болып, өмір сүру сапасы нашарлағанын қаламайды.

Хроленконың ойынша, Украинаның жеңіледі. Бірақ ірі еуропа мемлекеттері ұзақ келіссөз бен келісулер арқылы Киевке тиімсіз қару-жарақ жеткізуді жалғастырып, украин территориясы есебінен әскери қақтығыстың аяқталуына дайын болып отыр. Күні кеше НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг "Украина Ресейге өз территориясының бір бөлігін бергенде ғана бейбітшілікке қадам басуы мүмкін" деген пікір білдірді.

Қазіргі жағдайды ескеру және болашаққа талдау жүрізу арқылы Берлин, Париж бен Рим Вашингтон мен Лондон ұстанымынан сырт айналып жатыр. Бірақ басқа елдердің белсенділігі әлі бәсеңдемей тұр. Мысалы, Польша Украинаға 1200-ге жуық, Литва мен Эстония 300 жалдамалы жауынгер аттандырды. Лондонда Ұлыбритания, Польша, Литва, Латвия, Эстония және Украинадан құралатын жаңа әскери одақ құру туралы ұсыныс айтылуы кездейсоқ емес. Бұл Батыстың Ресеймен ұзақ уақытқа созылатын қақтығысқа дайындалып жатқанын аңғартады.

НАТО-ның маусымның соңында өтетін Мадридтегі саммитінде "серіктестер" стратегиялық тұжырымды өзгертіп, Ресейдді "бейбітшілік пен тұрақтылыққа төнген қауіп" деп атап көрсетеді. Әзірше АҚШ Польша мен Литваны Ресейге қарсы "екінші майдан шебі" ретінде қолданып жатыр.

Теміржол коммуникациясын бұғаттау – шектеменің басы. Халықаралық құқық аясында бір мемлекет немесе мемлекеттер тобының құрлықтағы немесе теңіздегі шектемесі әскери агрессия актісі болып саналады. Теңіз шектемесі – соғыс уақытындағы акция. Егер ол БҰҰ Жарғысына сәйкес келмесе, онда оны қарулы агрессия ретінде қарастыруға болады.

Кремльде Литва билігінің шешімін заңсыз және негізсіз деп атап, оған қатысты шара қабылданатынын мәлімдеді. Ресейдегі Кеңес Федерациясында литвалық шектеулер Ресей егемендігіне қолсұғушылық екенін айтып, бұған қатысты "қатаң" жауап қайтарылуы ықтимал екенін мәлімдеді.

* * *

Украина әскері Қара теңіздегі Ресей бұрғылау платформаларына соққы жасады.

Украина Қарулы күштері Қара теңіздегі Змеиный аралы мен бұрғылау платформаларына соққы жасады. Киев режимі осы іс-қимыл арқылы батыстағы одақтастарынан жаңа кредит пен қару-жарақ алуды көздеп отыр, деп жазды ресейлік әскери шолушы Александр Хроленко.

Киев билігі Ресеймен қақтығыста АҚШ және НАТО-ға сеніп отырғаны белгілі. Бұл екеуінің көмегінсіз әскери іс-қимыл санаулы күннің ішінде Украинаның капитуляциясымен аяқталар еді. Сондықтан Киев ақшалай транш немесе батыс қару-жарағы партиясын ұсынуға себеп болатын кезекті шиеленіс тудыруды көздеп отыр.

Хроленконың пікірінше, Киев режимі Украина Қарулы күштерінің соғыс даласындағы дәрменсіздігін ескеріп, құрлық пен теңізде террористік тактикаларды қолданып отыр. Донецктегі тұрғын үй орамдары мен Одесса облысының жағалауынан 770 километр қашықтықта орналасқан мүйістегі мұнай өндіруші платформаларға зымыранмен соққы жасауды басқаша сипаттау мүмкін емес.

20 маусымда украин әскері "Черноморнефтегаз" бұрғылау платформалары мен Змеиный аралына соққы жасады. Змеиныйға әуеден шабуылдау кезінде Bayraktar TB2 қоса алғанда, 15-тен астам барлау-соққы жасауға арналған пилотсыз ұшатын технка қолданылды. Сонымен қатар аралға жақын маңда АҚШ Әскери-әуе күштеріне тиесілі "Глобал Хок" RQ-4 стратегиялық барлауға арналған пилотсыз ұшатын ұшақ көзге түсіп қалды.

"Киев режимі Змеиныйға жаппай әуеден және зымыран-артиллериялық соққы жасап, аралға десант түсіруді көздеді. Одессадан батысққа қарай орналасқан позициялардан аралға "Точка-У" украин баллистикалық зымырандарымен, "Ураган" жаппай оқ атуға арналған реактивті жүйелерімен және натолық 155 миллиметрлі М-777 гаубицалары соққы жасады. Бірақ ресейлік әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері украиндердің соққысына дер кезінде төтеп беріп, гарнизон мен инфрақұрылымға еш залал келтірмей сақтап қалды. Нәтижесінде ресейлік әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері "Панцырь" мен "Тор" 13 пилотсыз ұшатын техниканы, "Точка-У" зымыранын, "Ураган" жаппай оқ атуға арналған реактивті жүйелерінің 20-дан астам реактивті снарядын жойды", - деп жазды әскери шолушы.

20 маусымдағы ресейлік қарсы тойтарыс беру әрекеті Украина Қарулы күштерінің қолбасшылығын Змеиныйға десант түсіруден бас тартуғы мәжбүрледі. Миссияның сәтсіздігі үшін Киев режимі аралдан 40 километр қашықтықта орналасқан ресейлік газ өңдеуші инфрақұрылымға залал келтіру туралы шешім қабылдады. Bayraktar TB2 мен зымыран қаруы бар катер тобының соққысынан кейін үш платфома зақымдалды. "Черноморнефтегаздың" үш қызметкері жараланып, жетеуі із-түзсіз жоғалып кетті. Вахталық қызметтегі 94 жұмысшы эвакуацияланды. "БК-1" платформасындағы алапат өрт Қара теңіз маңындағы елдер үшін экологиялық апат қаупін тудырды.

Ресей сарапшылары бұрғылау платформаларына соққы жасау кезінде біраз бұрын Даниядан жеткізілген кемеге қарсы Harpoon америкалық зымырандар қолданылды деген пікір білдірді. Киев режимінің шабуылына жауап ретінде Ресей Қарулы күштері Bayraktar TB2 сақталған Одесса ауданындағы "Школьный" әскери аэродромының қоймаларына "Оникс" қанатты зымырандарымен соққы жасады.

Украина аумағында әскери нысандарды қирату жалғасып жатыр. Ресей әскері өткен тәулікте Украина Қарулы күштерінің жауынгерлері мен техникасы шоғырланған 216 ауданды, 28 басқару пунктін, оқ ату позициясындағы 64 артиллериялық бөлімшені, 13 танк пен басқа да броньдалған машинаны, екі оқ-дәрі қоймасын қиратты. Бір күн бұрын Днепропетровск облысындағы зымыран соққысынан Украина Қарулы күштерінің 57 генералы мен офицері көз жұмды.

Ресейге қарсы күресте НАТО қару-жарағы тиімді болып отырған жоқ. Ұлыбританияның қорғаныс министрі Бен Уоллес ресейлік артиллерияның украин техникасынан 20 есе қуатты екенін мойындады. Украина Қарулы күштерінің бейбіт тұрғындарға қарсы іс-қимылы еуропалық көшбасшылардың өз ойларын өзгертуге себеп болып отыр. Сондықтан Германия, Франция,, Италияның Киевке ауыр қару-жарақ жеткізуден бас тартуы кездейсоқ емес.

* * *

Украинаның Змеиный аралының спутниктен түсірілген жаңа суреттері жарияланды.

Америкалық Maxar Technologies компаниясы спутниктен түсірген суреттерде Украина қарулы күштерінің атқылағаннан кейін Қара теңіздегі Змеиный аралында өрт болғаны, қираған мұнараның қалдықтары байқалады. Ресей 24 ақпанда басып алған Украинаның Змеиный аралына әскері мен қару-жарағын орналастырған.

Maxar Technologies 17 маусымда және 21 маусымда спутниктен түсірген суреттерді Азаттықтың Украин қызметі өзінің сайтында жариялады.

Змеиный аралы. 17 маусымда спутниктен түсірілген сурет.
Змеиный аралы. 17 маусымда спутниктен түсірілген сурет.

Суреттерден аралдың солтүстік бөлігінде өрт болған жерді, ал оңтүстік бөлігінде орналасқан мұнараның қирағанын көруге болады.

Змеиный аралы. 21 маусымда спутниктен түсірілген сурет.
Змеиный аралы. 21 маусымда спутниктен түсірілген сурет.

21 маусымда Ресей қорғаныс министрлігі Змейный аралына жасалған шабуылдың бетін тойтарып, украиналық оннан астам дронның барлығы жойылды, ал украиндар атқан снарядтардың ешбірі нысанаға жеткен жоқ деп мәлімдеген еді. Ал Украина күштері Змеиный аралында орналасқан ресейлік "Панцир" зенит-ракета кешенін, радиолокация станциясы мен автокөлік құралдарын жойғанын хабарлаған.

Мамыр айында Ресей әскери министрлігі Змеиный аралын алмақшы болған украин десантының көзі жойылды деп хабарлаған. Украина жағы аралдың маңында бірнеше ресейлік кемені атқылап, істен шығардық деп айтқан.

17 маусымда Украина әскери-теңіз күштері ресейлік "Василий Бех" сүйрегіш кемесін атып, теңізге батырғанын мәлімдеген. Киевтің дерегінше, ол кеме аралға қару-жарақ, оқ-дәрі, әскерилерді тасып бара жатқан кезде шабуылға тап болған.

Ақпараттар kz.kursiv.mediasputnik.kz, ҚазАқпаратАзаттық радиосы басылымдарынан алынды.

24 маусым 2022, 12:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.