Атырау, 19 сәуір 17:00
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Түнде баланы дүкенге жіберу дұрыс емес

Сурет Бейнежазба
1 569 просмотра

Атыраудың ауылдық округтерінде полицейлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің кәмелетке толмағандардың сағат 23.00-ден кейін ересектердің бірге жүруінсіз үйден тыс жерде болуына тыйым салу талаптарының сақталуын тексеру мақсатында «Қауіпсіз қала» рейдін жүргізді. Тәртіп сақшыларымен «АЖ» тілшісі де болды.

Сағат кешкі 11-де Жұлдыз-3 ықшамауданында орналасқан №19 полиция бөлімшесінен жасөспірімдер инспекторы, полиция мойоры Серік САРКУЛОВ және полиция мойоры Жауһар АУБАКИРОВАМЕН бірге көшенің тыныштығын қарауға шықтық. Айта кету керек, бұл ықшамауданда жарық жоқ, тек көліктің жарығы жететін жердегі адамдар ғана көрінеді.

Жұлдыз ықшамауданына келдік. Көше бойында топтасып тұрған бірнеше жасөспірім полиция көлігін көріп, жан-жаққа топырлап қаша жөнелді. Қыз баланың бірін ұстады. Биыл мектепті аяқтаған 17 жастағы жасөспірім, түн мезгілінде көшеде жүргені үшін екінші мәрте ұсталып тұр екен. Қызды үйіне жеткізіп, ата-анасына әкімшілік хаттама толтырды.

Сағат 00:04 те сол Жұлдыз ықшамауданнан тағы 4 жасөспіріммен жолықтық. Олардың кішісі 9 жаста және  12, 14 жастағы бір үйдің балалары, енді бірі олардың 9-сыныпта оқитын көршісі.

- Жеңгем жүкті еді, түнде шоколад жегісі келген соң мені дүкенге жұмсады. Менен басқа дүкенге баратын адам жоқ, - дейді, 9-сынып оқушысы.

Үш баланы алып кету үшін олардың құжаттарын алып, бөлімшеге әкесі келді. Ол балаларының түнгі 12-ден кейін көшеде жүргені үшін хаттамаға қол қойып, жыл ішінде қайталанса айыппұл төлейтіні туралы ескертпе алды. Ол балаларына ашулы қабақпен бір қарады да, «сендермен үйге барған соң сөйлесеміз» деп алып кетті.

Ал, 13 жастағы баласын алып кетуге келген анасы, керісінше, «полицейлерден неге қашып кетпедің?» деп баласын жазғырды.

... Түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде жүрген жасөспірімнің ата-анасына бірінші рет ескерту беріледі. Егер жыл ішінде қайталаған жағдайда іс Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабының 3-бөлігімен («Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде болуын жыл ішінде қайталауы») сотқа жолданады. Сот шешімімен ата-анасына 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, жасөспірімді кәмелетке толмағандар ісі  жөніндегі инспекцияға есепке алуы мүмкін.  

- Ата-аналардан балаларын қауіпсіздік үшін түн уақытында көшеге шығармауын талап етеміз. Бірақ көп жағдайда ата-аналар дүкенге жіберіп едік деп айтады. Жақында Жұлдыз ықшамауданында түн ішінде дүкенге шыққан жасөспірім дүкеннің алдында балалармен төбелесіп, пышақталып қалды, - дейді Атырау қаласының №2 полиция бөлімі басшысының орынбасары Әділжан БАТЫРҒАЛИЕВ.

Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, Атырау облысында «Қауіпсіз қала» жедел профилактикалық іс-шарасы басталғалы әкімшілік құқықбұзушылық жасаған 100-ден астам жасөспірім анықталған. Оның ішінде, түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде жүргені үшін 89 жасөспірім, ұсақ бұзақылық жасаған 8 жасөспірім, ішімдік ішкен күйде жүрген 3 жасөспірім, белгіленбеген жерде суға түскен 5 жасөспірім. Одан бөлек, бала тәрбиелеудегі міндеттерін орындамаған 7 ата-ана ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор

23 маусым 2022, 22:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.