8 наурыз қарсаңында біз әр түрлі жастағы ер-азаматтар арасында сауалнама жүргіздік. Оларға «өз сүйіктіңізге қандай сыйлық дайындап жатырсыз?» деген сұрақты бөлек бүгінгі әйел затының бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді деген сауал тастадық.
Олжас, 27 жаста: Менің өмірімдегі маңызды екі әйел – ол менің анам мен сүйіктім. Анама мейрамына арнап мобильді телефон сыйламақ ойым бар. Ал қызыма не сыйлайтыным әзірге белгісіз. Бәлкім планшет болып қалар. Әлде әтір сыйласам ба? Маған кеңес айтарсыздар, бәлкім. Ол менің өзіне сыйлық әзірлеп жатқанымнан хабардар емес. Оған тосынсый жасағым келеді. Іш киім де сыйлар едім, бірақ әзірге ерте-ау? Бізде «Анасына қарап қызын ал» деген мақал бар ғой. Сүйіктімнің өз анама да ұқсастығы бар… Бұл мейрам мен үшін жаңа жыл мен өзімнің туған күнімнен кейінгі үшінші сатыдағы мейрам.
Тұрар, 23 жаста: Қазіргі уақытта қыздарды, әсіресе, болашақ жарыңды таңдау өте қиын болып тұр. Менің арманымдағы ару – сыпайы, тәрбиелі болуы керек. Мен оны таптым. Тойым болашақтың еншісінде.
Қасқырбай, 66 жаста: Әйелдердің теңдігі үшін пайда болған бұл күннің тарихын өте жақсы білемін. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, қазіргі уақытта әйелдер қоғамнан қағажу көріп отырған жоқ, сондықтан бұл мейрамды тойлау дұрыс па? Бұл менің пікірім және ол менің бұл мейрамды мүлде тойламайды деген сөз емес, әрине. Жыл сайын мейрам күні оларды құттықтап, асүйге кіргізбей, ыдыс-аяқты өзіміз жуып, ас мәзірін де өзіміз дайындаймыз.
Дмитрий, 74 жаста: Жұбайыма гүл сыйлаймын. 45 мың теңге зейнетақы, 10 мың теңге пәтерақы, қалғандары коммуналды төлемдерге кететін 35 мың теңге болып тұрғанда қалтаң көтермейді. Қазіргі қоғамдағы әйелдер заманға сай киіне және өз-өзін қамти білуі керек. Қазіргі кезде отбасылық жұптардың көбі қаржылық қиындықтардың кесірінен айрылысып жатады. Бәрі де жеткілікті болу керек.
Айбар, 10 жаста: Қолдан ашықхат жасаймыз, сосын ішкі бетіне анамызға арнаған тілектерімізді жазамыз. Ал 9 наурыз күні сыныптағы қыздарға сыйлық жасаймыз. Әлі қандай сыйлық жасайтынымызды білмеймін. Сыныпта қағаз суырамыз, сонда қай қыздың аты тұрады, соған сыйлық ұсынамыз.
Владимир, 43 жаста: Эх… Мен жұбайыммен ажырасқанмын, қызым бар. Түсіністік болмады арамызда. Әдетте мен жұмыстан келгенде ол құрбысының үйінде отыратын немесе дұрыстап қарсы алмайтын. Ал менің қарным аш, өз асымды өзіме дайындауға тура келетін. Ол жас болатын. Бәлкім, жастықпен қателескен шығар. Меніңше, әйелдердің басым бөлігі жасы 40-қа таяғанда ақыл тоқтатады, өмірге деген түсінігі молаяды. (Владимир суретке түскісі келмеді).
Жетпісбай, 47 жаста: Мен әлі үйленгенім жоқ. Анамды мейрамымен құттықтап, тапқан табысымды берем және гүл сыйлаймын. Қазір қыздарымыздың шетелге еліктеп, ұлттық болмыстан ажырап бара жатқандығын көп байқауға болады. Соған қатты қынжыламын. Шалбар киеді, қысқа белдемше киеді, түн ішінде көшеде қыдырып жүріп, темекі сұрайтын қыздар да кездесті маған. Неге темекі шегесің деп сұрасам, жігітіне ренжіген екен.
Есен, 76 жаста: Өзіміздің жасымыз ұлғайса да, осы мерекені жақсы қарсы алуға тырысамыз. Үйде дастархан жайып, шағын мереке жасап, у-шу болып қаламыз. Кемпірім жоқ, дегенмен бала-келінім бар, немерелерім бар. Барлық әйел затын келе жатқан Көктем мерекесімен құттықтаймын!
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Айтолқын ҚҰЛШАРОВА
Суреттерді түсірген Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА