Атырау, 3 шілде 13:30
 бұлттыВ Атырау +18
$ 466.44
€ 487.71
₽ 8.56

Әкім сөгіс ала ма?

1 161 просмотра

Облыс мәслихатындағы «Amanat» партиясы депутаттық фракциясының кезекті отырысында партияның Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Абдолла ИДРЕСОВ өткен жылы партияның сайлауалды бағдарламасының 12 индикаторының жүзеге аспағанын мәлімдеді. Орындалмаған шаралардың басым бөлігі Индер ауданына тиесілі болып шықты.

Ауданда қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешенін орнату жүзеге аспай отыр. Оған қоса тұрмыстық қалдықтарды төгетін полигондарды қоршау мүлдем жүргізілмеген. «АЖ» өз жарияланымдарында бұл мәселені әлденеше рет көтерген болатын. Кент тұрғындары өртеген қоқыстан демала алмай отырғанын, малдары да өліп жатқанына шағымдануда.

Индер ауданындағы Көктоғай ауылына 90 орындық балабақша салу да жылдан-жылға кейінге ысырылып келеді. Бұл ауылда туу көрсеткіші жоғары, балабақшаға сұраныс күрт өсіп отыр. Өзі ескі және тар 40 орындық балабақша халық сұранысын қанағаттандырмай келеді. Сол себептен мектепке дейінгі даярлық тобының балалары амалсыздан Б.Нысанбаев атындағы орта мектепке баруға мәжбүр. Мектеп мұғалімдері оқушылар тығыздығы сақталып отырғанын, кабинеттер жетіспейтіндігін айтады. Қосымша 120 орындық жапсаржай салу да кешіктіріліп келеді.

Есбол ауылында 320 орындық мектептің құрылысы 2021 жылдың сәуірінде басталып, 2022 жылдың мамырында тапсырылуы тиіс болатын. Бірақ екіқабатты мектеп құрылысының бірінші қабаты толық бітпеген. Жертөленің жұмыстары 90 пайызға орындалып, бірінші қабатының бағаналарын құю жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмысының кешігу себебі - мердігер «ОңдасынСтрой» ЖШС 6 айға жұмысын уақытша тоқтатқан.

- Біріншіден, құрылыс материалдарының нарықтағы бағасы күрт өсіп кетті. Екіншіден, жертөле жобасына өзгертулер енгізіліп, қайта жасалды. Оның үстіне, Ақтөбедегі цемент зауыты жабылып қалып, кідіріске ұшырадық. Бүгінде сметалық жобаға өзгеріс енгізіліп, мектеп құрылысы 1 млрд 445 млн теңгеге бағаланып отыр. Бүгінде ол жерде 20-дан астам адам жұмыс жасауда. Материалдан кідіріс жоқ, - дейді «ОңдасынСтрой» ЖШС-нің өндіріс басқарушысы Қайрат НҰҒЫМАНОВ.

Мердігер мектеп нысаны 2023 жылдың наурызында пайдалдануға берілетініне сендірді. Оған дейін балалар 1937 жылы салынған ескі мектепте оқиды.

Индербор кентінде Болашақ ықшамауданының тұрғындары дұрыс жолдың жоқтығына жиі шағым түсіреді. Лайсаң күндері бұл жерде көлік түгілі жаяу адамның қатынауы қиындап кеткен. «Таусәулет» ЖШС 3 шақырым болатын үш көшеге автокөлік пен жаяу жүргінші жолын салуға ЖСҚ әзірлесе, көп ұзамай 24 көшеге жобалық сметалық құжатын жасақтауға кіріспек.

Жол салу құрылыстары қашан басталатыны белгісіз. Қаржы мәселесі қашан шешілетіні де нақты айтылмайды.

- Бағдарлама жасақтау барысында қателіктер кеткен болса, қажетті өзгерістерді енгізу қажет. Халық алдында берген уәделерді түрлі сылтаумен жылы жауып қоюға болмайды, - деп атап көрсетті облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ.

Партия Индер аудандық сайлауалды бағдарламасының 2021 жылғы орындалысын толық қамтамасыз етпегені үшін Индер ауданы әкіміне сөгіс жариялау туралы облыс әкіміне ұсыныс берді.             

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

21 маусым, 17:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.