Атырау, 20 сәуір 13:10
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Атырауда 18 млрд теңге игерілмеді

1 211 просмотра

Атырау облысында 2021 жыл қорытындысы бойынша 1 млрд қаржы игерілмей бюджетке қайтарылды. Одан бөлек жұмыстардың уақытылы орындалмауынан, игере алмау қаупі туындап, бюджетті нақтылау кезінде жыл ішінде 17 млрд 300 мың теңге қысқартылған. Облыстық бюджеттің атқарылуы және оны бекіту туралы мәселе Атырау облыстық мәслихатының кезекті XIV сессиясында айтылды. 

Атырау облысы бойыша тексеру комиссиясының төрағасы Равиль ТӨЛЕБАЕВТЫҢ мәліметінше, бюджеттің игерілмеуі тауардың уақытылы жеткізілмеуінен, келісімшарт міндеттемелерінің уақыты тығыз болуынан орын алған. Бұған әкімдіктегі мамандардың өз жұмысын тиісті деңгейде білмеуі мен мердігерлердің жауапсыздығы да себеп болады.

Жыл сайын бюджеттен бөлінген қаражаттың негізсіз жоспарлануы мен қысқартылуына жол беріліп келеді. Әсіресе құрылыс, инфрақұрылым саласын дамытуға жыл басында қаржы сұратылады. Алайда бюджетті нақтылау немесе түзету кезінде жұмыстарды уақытында аяқтап үлгере алмау қаупі туындап, түрлі салаға жұмсалуы тиісті қаражаттың қысқартылуына жол береді, - деді Төлебаев.

Төлебаевтың баяндамасына сүйенсек, былтыр жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 911 млн 300 мың теңгені қысқартып, 7 жоба аяқсыз қалған. Бұл Атырау облысының барлық аудандарына ауылішілік жол салу, қайта жаңғырту, кірме жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары кезінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан жұмыстарды үйлестіре алмау салдарынан орын алып отыр.

Ал мердігерлер тапсырыс берушінің ескертпелерін уақытында орындамайды. Дәл осындай жағдай құрылыс басқармасына бөлінген қаржыдан 11,5 млрд теңгенің қысқартылуына әкеліп, 51 жоба уақытылы аяқталмаған.

Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижеcі бойынша 138 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - деді Р. Төлебаев.

Сессия барысында мәслихат хатшысы Әлібек НӘУТИЕВ өз сынын білдірді:

- Бұл кемшіліктер былтыр да, биыл да қайталанып келеді. Қатаң сөгісті есептемегенде, 3 қызметкер лауазымынан босатылып, 4 адамның ісі қылмысқа тартылған. Кемшіліктерді жою үшін қандай жұмыс жасалуда? Көп жағдайда қаражат болмауына байланысты нысандар тоқтап тұр деп айтып жатамыз. Бірақ қазір түйгеніміздей, қаражат бөлініп тұрса да, әр саладағы мамандардың, мердігерлердің кемшілігінен көптеген қаражат жыл аяғында қайтып кетіп жатыр.

Төлебаевтың пікірінше, олқылықтар адами факторлардан, атап айтқанда қызметкерлердің кейбір заңдылықтарды білмеуінен орын алуда.

- Кемшіліктерді түзеу үшін мамандарды оқытуды қолға алып отырмыз. Сонымен бірге әр процеске араласып, көмектесуге  біздің де жұмыс күшіміз жеткілікті. Бірігіп жұмыс істесек, кемшіліктің азаюына септігін тигізеді, - деді Төлебаев.

 Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

21 маусым 2022, 13:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.