Атырау, 29 наурыз 16:05
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Тепловоздардан жанармай ұрлағандардың ішінде Nur Otan депутаты да болған

1 117 просмотра

Атырау қаласының №2 сотында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері мен олардың сыбайластарына - 19 адамға қатысты үкім шықты. Олардың қатарында сыбайластардың бірі ретінде осы істен өткен Nur Otan партиясынан облыстық мәслихаттың экс-депутаты Абзал-Сенбі САМАЛИКОВ та бар.

Еске сала кетсек, кейінірек партия Самаликовқа қатысты қылмыстық іс қозғалуына байланысты оны өз қатарынан шығарған болатын.

Іс ұйымдасқан топ құру, сондай-ақ оған басшылық ету (ҚК-нің 262-бабының 1,2-бөлігі), қылмыстық топтың аса ірі мөлшердегі ұрлық жасауы (188-баптың 4-бөлігінің 1, 3-тармақтары) бойынша қаралды.

Ұйымдасқан топ мүшелері мен олардың сыбайластары 2020 жылдың 1 қаңтары мен 1 желтоқсаны аралығында «K-Л» ЖШС-не жөндеуге келген Мақат пайдалану локомотив депосына тиесілі тепловоздардан 397 тонна дизель отынын жасырын жымқырды деген айып тағылды. Мекемеге келтірілген материалдық шығын 84 млн 61 мың 528 теңгені құрады.

Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушылардың соттылығының жоқтығын, асырауында жас балалардың бар екенін ескерді. Жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен ұйымдасқан топ мүшелері И. Р., С. М., А. Қ, Т. Д., С .С., С. А., Т. Б., Б. Г., К. А., А. А., У. Қ, Е. К., А. Ж. аталған баптар бойынша кінәлі деп танылып, олар 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Ұйымдасқан топқа көмектесті деп айыпталған С.А., Ж.А.-ның әрекеттері Қылмыстық кодекстің 371-бабы («Салғырттық») бойынша сараланып, оларға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

Бұдан басқа, Ш. Н., У. Б., А. Ж., К. М. әрекеттері Қылмыстық кодекстің 196-бабының 3-бөлігінің 1, 2-тармақтары («Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену») бойынша сараланып, оларға да бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айнұр САПАРОВА

19 маусым 2022, 21:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.