Еуропа мемлекеттерінің басшылары Зеленскиймен кездесті.
Германия канцлері Олаф Шольц, Франция президенті Эммануэль Макрон және Италия премьер-министрі Марио Драги Киевке барып президент Владимир Зеленскиймен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24». Басқосуға Румыния президенті де қосылды. Бұл - осы ел басшыларының қарулы қақтығыс басталғалы Украинаға алғашқы сапары. Кездесу барысында тараптар Украинаның Еуроодаққа мүше болу мәселесін талқылады.
Бүгін Еурокомиссия Киевтің өтінішіне қатысты қорытындысын жариялауы керек. Киевке қару-жарақ жеткізу, экономикалық көмек және соғыстан кейін елді қалпына келтіру жағдайы да сөз етілді. Эммануэль Макрон, Франция президенті: - Осында жиналған 4 елдің өкілі Украинаға Еуроодаққа мүше болуға кандидат ел мәртебесін жылдам беруді қолдайды. Біз бұл шешімді Еуропалық Кеңес бірауыздан қолдайды деп үміттенеміз. Украина еуропалық отбасының бір бөлігі екенін растағымыз келеді.
Ал Мәскеу Дүниежүзілік сауда ұйымынан шықпай, ұйымға мүше еллдердің барлығымен қарым-қатынасты жалғастыра беруге ниетті екенін білдірді. Бұл туралы Санкт-Петербургтегі экономикалық форум аясында айтылды. Ресей Экономика министрі Максим Решетников Дүниежүзілік сауда ұйымы кей кемшіліктерге қарамастан, әлемде тең дәрежеде сауда жүргізуге мүмкіндік беретін жалыз құрылым екенін айтады.
Максим Решетников, Ресей Федерациясының Экономикалық даму министрі:
- Біз барлық елмен ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз. Бірақ Ресейге қарсы салынған санкциялар Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелеріне қайшы келеді. Сондықтан ұлттық мүддемізді қорғау үшін тиісті шаралар қабылдаймыз. Бірақ біз әрдайым әріптестікке дайынбыз
* * *
Қытай ресейлік әуе компанияларына ұшақ бөлшектерін жеткізуге дайын. Бұл мәселеде Бейжің тарапынан ешқандай шектеулер жоқ, деді ТАСС агенттігіне Қытайдың Мәскеудегі елшісі Чжан Ханьхуэй.
* * *
Die Welt жабық есік жағдайында өткен кездесуде Шольц, Макрон және Драги Украина президенті Владимир Зеленскийді Ресеймен келіссөздер жүргізуге шақырды деп болжайды.
Германия, Франция және Италия көшбасшылары Украинаға ЕО-ға кандидат мәртебесін беруді қолдады, бірақ есесіне олар Украина президентін Ресей Федерациясымен келіссөз үстеліне отыруға көндіруге тырысты дейді.
* * *
Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Анатолий Антонов «National Interest» журналындағы мақаласында Мәскеу Украина астығын ұрлады деген негізсіз айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарады.
Ол БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик 7 маусымда мұндай қылмыстардың дәлелі жоқ екенін айтқанын еске салды. Антонов Ресейдің Украинаның азық-түлік экспортына тосқауыл қоюға тырыспағанын, ал Қара теңіз порттарынан шығуды Киевтің бұғаттағанын айтты.
* * *
Украин мектептерінде орыс және кеңес жазушыларының, оның ішінде Александр Пушкиннің шығармалары оқу бағдарламасынан алынып тасталады. Бұл туралы Украинаның Білім және ғылым министрлігінің жұмыс тобының шешімінде айтылған.
* * *
Украинаның әскери барлау қызметі Қырым көпірінің техникалық құжатын алғанын хабарлады.
Бұған дейін Украина қарулы күштерінің генерал-майоры Дмитрий Марченко Қырым көпірі украиндық әскерилер үшін «нөмір бірінші нысана» екенін айтқан. Өз кезегінде РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қырымның қауіпсіздігі ресейлік әскерилер қабылдаған алдын алу және қосымша шаралармен қамтамасыз етілгенін атап өтті.
* * *
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков азық-түлік бағасына, астық пен тыңайтқыш жеткізуге қатысты жағдайды Батыстың қателігімен байланыстырды, деп хабарлайды РИА Новости. Ол «бұл Ресейдің жауабы емес» деп баса айтты.
«Бұл Батыс елдерінің қателіктерінің нәтижесі. Азық-түлікке не болды? Азық-түлік бағасы инфляцияға байланысты да, соңғы бірнеше жылда жіберілген қателіктерге байланысты да өсіп жатыр», - деді Песков.
* * *
Литва билігі мектептерде украин тілі сабақтарын енгізді - сабақтар аптасына бес рет өтеді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Сергей Шкарлет Telegram-да хабарлады.
Ол литвалық әріптесі Юргита Шюгждениемен Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруіне байланысты Литвада уақытша жүрген украиналық балаларды оқытуды ұйымдастыру үдерісін талқылады.
* * *
Ұлыбритания Ресей патриархы Кириллды санкция тізіміне енгізді.
Ұлыбритания Орыс православ шіркеуінің басшысы, Мәскеу мен күллі Ресей патриархы Кириллды санкция тізіміне енгізді.
Санкция енгізілген адамдарға Ұлыбритания аумағына келуге тыйым салынады және осы елдегі дүние-мүлкі бұғатталады.
Британ билігі бұл шешімді қабылдауына патриарх Кириллдың (Владимир Гундяев) Ресейдің Украинаға басқыншылығын қолдап көпшілікке сан мәрте мәлімдеме жасағаны себеп болды деп түсіндірді.
Кириллға қоса британ үкіметінің санкциясына Украина мен Ресейдің тағы 11 азаматы енгізілген. Олардың арасында Мәскеудің өзі жаулап Украина аймақтарындағы әкімшілікке тағайындаған, ресейлік әскерилермен бірігіп жұмыс істеп жүргендер, Ресей армиясының офицерлері, Мәскеу қалалық думасының депутаты Сергей Савостьянов пен балалар құқығы жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белова бар.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін патриарх Кирилл Ресей қорғаныс министрлігінің бас ғибадатханасында діни рәсім өткізіп, Донбасста "метафизикалық күрес" жүріп жатқанын айтып, Украина билігін шіркеуге жік салуды қолпаштап отыр деп айыптаған. Бұған қоса ол Украинадағы соғысқа себептерін атаған кезде, "Донбасстағылар гейлер шеруі өткенін қаламайды" деп мәлімдеген.
Бұған қоса ол Ресей өз тарихында ешкімге ешқашан шабуыл жасамаған деп айтқан.
Маусымның басында Еуропа одағының штаб-пәтерінде Ресейге Украинаға соғыс ашқаны үшін салынған санкциялардың алтыншы бөлігі бекітілген, санкция тізімінің түпкілікті нұсқасына Ресей патриархы Кирилл енбей қалған еді. Оны тізімге енгізуге Венгрия қарсы болды.
* * *
Шешенстанда азаматтарды Украинадағы соғысқа мәжбүрлеп жіберіп жатыр.
Ресей құрамындағы Шешенстанда күш құрылымдары қылмыстық іс ашамыз деп қорқытып, ер азаматтарды Украинадағы соғысқа мәжбүрлі түрде жіберіп жатыр деп хабарлады The Insider. Басылымға бұл туралы соғысқа кеткен шешен азаматтарының отбасылары, заңгерлер мен құқық қорғаушылар айтқанын жазады.
Ресей Украинаға басып кіргелі бері "Вайфонд" құқық қорғау ассоциациясына шешен азаматтарды соғысқа еркінен тыс жібермек болғаны жөнінде ондаған арыз-өтініш түскен.
"Тіпті осындай шағым бергендердің нақты санын есептеудің өзі қиын болып отыр. Көбі қорқып қалғаны сонша, хат-хабарды алысымен өшіріп, аккаунтын жойып тастады. Қорлық пен азаптауға тап болған адамдар қатты қорқады. Енді біреулері Telegram мессенджеріндегі жазған хаты біраздан кейін өздігінен жойылатын құпия чат арқылы хабарласады. Әу баста біз мәселе мұншалықты күрделі деп ойламадық, сондықтан арнайы есеп жүргізбегенбіз. Алайда елудей шағым түскен анық" деген басылымға ассоциация өкілі.
Оның сөзінше, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Грозныйда өткен митингіге Шешенстанның барлық өңірінен бюджеттен қаржыландырылатын мекеме-ұйымдардан адамдарды ұйымдастырып апарған. Жұрт сол жерден майданға бірден алып кететін шығар деп қорыққан, бірақ жиынға қатысқандарды тізімге алумен шектелген. Ал соғыс басталардан тоғыз күн бұрын Шешенстандағы ауыл әкімшіліктеріне аудан басшыларынан әр ауылдан бір адамды жиынға жіберуді талап еткен хат түскен.
Шешен оппозициялық блогері Хасан Халитов күш құрылымдары оның бауырын ұрлап әкетіп, Украинаға жібергенін басылымға айтып берген.
Шешендердің 1ADAT оппозициялық қозғалысы өкілі Ибрагим Янгулбаев "әр аудандағы полиция басшысына кез келген әдіспен еріктілер жинау туралы бұйрық түскен" деп мәлімдеді.
"Әрбірінде "экстремистердің" – жергілікті билікті ұнайтпайтындарды тізімі бар. Оларды әңгімелесуге шақырып, келмесең қылмыстық іс қозғаймыз деп қорқытқан. Кейбіріне ешқандай жазбаша келісім жасамай майданға барсаң ақша береміз деген ұсыныс айтқан. Енді біреулерге "егер келісіп, билікті қолдайтыныңды дәлелдесең, онда тылға ғана жібереміз, алғы шепке бармайсың және кейін қайта алып кетіп тергеп, мазаламаймыз" деп уәде еткен. Олар түрлі әдіс-айла қолданады. Жайлап айтып, көндіруге тырысады. Болмаса ұрлап әкетіп, күш көрсетеді" дейді ол.
Қазір Украина жағында соғысып жүрген шешен оппозициялық блогері Ислам Белокиев майданға барудан бас тартқандардың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын естігенін айтады. "Мәжбүрлейді, қоқан-лоқы көрсетеді, туыстарын ұрлап әкетеді. Егер адам Украинаға барудан бас тартса, оның анасына, әпке-қарындастарына қысым жасайды. Оларға "алып кетеміз, есірткі, қару тауып алған болып, бұл исламшыл террорист, Сирияға, "Ислам мемлекеті" экстремистеріне кетпекші болды деп жариялаймыз" деп қорқытқан" дейді ол.
Бұған дейін сарапшылар мен белсенділер Ресей Украинадағы соғысқа аз ұлт өкілдерін көптеп жіберіп жатқанын бірнеше рет айтқан. "Медиазона" басылымының дерегінше, соғыста қаза тапқандардың арасында Ресей құрамындағы Дағыстан мен Бурятиядан барғандар көп.
Сол сияқты Мәскеу Украинаға соғыс ашқаннан кейін Ресей қарулы күштері қатарында Астрахан облысынан майданға жіберілген қазақтар да мерт болғаны туралы деректер бар.
* * *
АҚШ Украинаға тағы бір миллиард доллардың қару-жарағын беретінін айтты.
АҚШ Украинаға қауіпсіздік саласына жәрдем аясында тағы бір миллиард доллардың қару-жарағын бермек. Бұл туралы АҚШ президенті Джо Байден 15 маусымда Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефонмен сөйлескен кезде айтты деп хабарлады Ақ үйдің баспасөз қызметі.
Екі ел басшылары Ресейдің Украинаға басқыншылық жасап, сол елдің аумағында төрт айға жуық уақыт бойы жүргізіп жатқан соғысты талқылаған. Украина президенті еліне қолдау білдірген АҚШ-қа алғыс айтқан.
Вашингтон Украинаға көмек ретінде артиллериялық және теңіз жағалауы қорғанысы қару-жарағы мен оқ-дәрілер, қазіргі заманғы зымыран жүйелерін бермек. Қазір Донбасста қорғаныс операциясын жүргізіп жатқан украин күштері мұндай қару-жараққа мұқтаж екенін Киев бұрыннан айтып келеді.
Бұған қоса Байдан АҚШ-тың Украина халқына гуманитарлық көмекке деп қосымша қаржы бөлетінін хабарлаған.
"Біз осы соғыстің кесірінен тағдыры тәлкекке түскен украиналықтарды қолдаудан айнымаймыз. Бүгін мен Украина халқына гуманитарлық көмекке қосымша 225 миллион доллар берілеінін жариялаймын, бұл қаржы қауіпсіз ауыз су, қажетті дәрі-дәрмек пен медицина жабдықтарын, азық-түлік пен отбасыларға күнделікті қажет заттарды сатып алу үшін ақшалай беріледі" деп мәлімдеген АҚШ президенті.
Байден АҚШ Ресейдің еш себепсіз соғыс ашқанын айыптап, Украинаны қолдайды және оның егемендігі мен демократиясын, жерінің тұтастығын қорғауына жәрдемдеседі деген.
"Украина халқының ержүректігі, табандылығы мен батылдығы бүкіл әлемді тәнтті етті. АҚШ одақтастары және серіктестерімен бірге украин халқының азаттық жолындағы күресіне қолдау көрсетуді босаңсытпайды" делінген Ақ үй мәлімдемесінде.
Байден қазір Брюссельде жүрген АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остиннің Украина қарулы күштеріне халықаралық қосымша көмекті үйлестіруге күш салып жатқанын да айтқан.
* * *
Макрон: Украина Ресеймен келіссөз өткізгені жөн.
Кейінгі кезде сөздері Киевтің шамына тиіп жүрген Франция президенті Эммануэль Макрон Украина президенті мен осы елдің өзге де өкілдеріне Ресеймен бейбітшілік туралы келіссөз өткізетін "кез келеді" деп мәлімдеді.
Макрон бұл туралы 15 маусымда Румынияда француз әскерилерінің алдында сөйлегенде айтты. Франция сарбаздары бұл елге НАТО-ның шығыс қанатын Ресей қауіп-қатерінен қорғауды нығайту үшін орналасқан.
"Біз, еурпалықтар да келіссөз үстелі басында отыратын боламыз" деді Украинаға агрессияға тойтарыс беруге Еуропа одағы елдерінің жәрдемдесіп жатқанын атап өткен Макрон.
Бұған дейін оның Ресейді "ренжітуге" болмайтыны туралы айтқан сөзі Украинамен бірге Еуроодақ елдерінде де қатты сынға қалған. Франция президенті бұл жолы да Ресей Еуропа құрлығының бір бөлігі екенін айтып, сол пікірін қайталағандай болды.
Макрон осы жолғы сапарында Молдоваға да барады. Бұған дейін бірқатар басылымдар Макрон 16 маусымда Германия канцлері Олаф Шольц және Италия премьер-министрі Марио Драгимен бірге Киевке баруы тиіс деп хабарлаған. Макрон бұл ақпаратты терістеген де, растаған да жоқ. Франция президентінің Украинаға баратыны жайлы ресми ақпарат болмады.
Кейінгі кезде Еуропа одағында Украинаға одақ мүшелігіне кандидат мәртебесін беру мәселесі жөнінде де, сонымен бірге Ресейге қарсы соғысып жатқан Киевке қолдауды жалғастыру туралы да пікірталас айтылып жатыр. Украина билігінің өкілдері Германия мен Францияны Украинаның мүддесі есебінен Ресеймен келісім жасағысы келеді деп сынап жүр. Дәл қазір Киевтің Ресеймен бітімге келу ниеті жоқ, әуелі Ресей әскерін 24 ақпанға дейін болған жерге әкетсін деген талап қойып отыр.
Ақпараттар kursiv.media, 24.kz. Азаттық радиосы, басылымдарынан алынды.