Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпин шың елінің мұздай қаруланған, құмырсқадай қаптаған әскерін – "Қытай халық-азаттық армиясын" (ҚХАА) бейбіт заманда қолдану туралы ережелер жиынтығына қол қойды. "Синьхуа" ресми агенттігінің хабарлауынша, бұл қаһарлы құжат кеше, 15 маусымда күшіне енді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Оған сәйкес, шығыс көршіміз ҚХР Қарулы күштерін "әскери емес сипаттағы операцияларға" жұмылдыратын болады. Бұл ретте оның қандай мемлекетке қарсы бағытталғаны құпия қалды.
Қазақстанның қорғанысы мен қауіпсіздігіне жауапты органдар мен тұлғалар ұлттық армиямыздың дайындығын, дұшпанға шұғыл тойтарыс беру қабілетін бір пысықтап, ары қарай жетілдіру ісін өрістете түссе игі.
Дегенмен, Би-Би-Сидің хабарлауынша, халықаралық сарапшылар аталған құжат "мысалы, Тайваньға қарсы арнайы әскери операция өткізу үшін құқықтық негіз болуы мүмкін" деп жорамалдайды. Өйткені ережелер жиынтығы ҚХАА-ны қытайдың мемлекеттік егемендігін және жерінің тұтастығын жаудан қорғау үшін пайдалануға рұқсат етеді. Бұл ретте Қытайдың көршілерінің ешқайсысы оған баса-көктей енуге ынтығып отырған жоқ.
Сонымен бірге саясаттанушылар Мәскеу биылғы 24 ақпанда Украинаға соққы беріп, шапқыншылығын бастағанда оны соғыс емес, "арнайы операция" деп атағанын қаперге салады. Олай болса, азиялық алпауыт "әскери емес сипаттағы операциялар" деген ұғымның аясында қалаған зұлматты ісін жасыруы әбден мүмкін.
Тарихшылардың айтуынша, Тайвань мәселесі ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін, 1949 жылы қазіргі коммунистік Қытай халық республикасы жарияланғанда туындады. Азаматтық соғыста Қытай коммунистік партиясынан жеңілген Гоминьдан партиясының бір бөлігі қашып барып, Тайвань аралында орнықты, сонда төл мемлекетін құрды. Орталығы – Тайбэй. Оның тұрғындарының басым көпшілігі коммунистік ҚХР-ді емес, бұрынғы Қытай республикасын (Чжунхуа миньгоны) мойындайды.
Батыс елдерімен тығыз қарым-қатынас құрып, жан-жақты сауда-саттықты жолға қою арқасында арал әлемдегі бай елдердің біріне айналды. АҚШ, Еуропаның озық мемлекеттерімен ынтымақтасып, жоғары технологиялардың жаһандық орталығы мәртебесіне қол жеткізді.
Мысалы, автокөліктерде, смартфонда, смарт теледидарларда, компьютер-ноутбуктерде, қару-жарақта, өзге электроника мен оптикалық жабдықтарда қолданылатын дүниежүзіндегі ең үздік микрочип-микропроцессорлар дәл осы Тайваньда шығады. Тайвань Батыстың санкцияларына қосылып, жыл басында Ресейге кез келген микрочип жеткізуді тоқтатты. Салдарынан, солтүстік көрші жоғары дәлдікті зымырандар шығара алмай, дағдаруда. Ол "Орлан" беспилотнигінде кеңес кезінен қалған ескі микропроцессорларды пайдалануға мәжбүр.
Өз кезегінде Бейжің кілең қытай тұрғындары жайлаған бұл аралды өз жері санайды және "Бір Қытай" қағидаты негізінде оған толық бақылау орнатуға тырыса бастады. Ол Тайваньнан тек ҚХР-ды ғана мойындауды талап етеді. Өз кезегінде тайваньдықтардың құрлықтық Қытайдан кіндігі ажырап кеткен, жатсынады. Әлемдегі барлық ірі мемлекеттерде Тайбэйдің төл мәдени және экономикалық орталықтары ашылған.
Бейжің мен Тайваньның қатынастары аралды Ма Инцзю басқарып тұрған тұста 2008–2016 жылдары біршама жақсарған еді. Алайда 2016 жылы ел тізгінін егемендікті жақтайтын Цай Инвэнь өз қолына алғалы Бейжің аралға әскери қысымды өрістете бастады. Осы орайда АҚШ тарапы Қытайды ашық соғысудан аулақ болуға шақырып, агрессияға барса, Тайваньның қорғанына өзі тұратынын қатаң ескертті.
Жергілікті ақпарат құралдарының мәлімдеуінше, біраз жылдан бері Тайваньдағы ең озық зауыт-кәсіпорындар тегіс миналанған екен. Егер Қытай басып кірсе, олардың бәрін жарып жібермек. Осылайша, Қытайға технологиялар тимейді, қираған арал ғана қалады. Өйткені қазіргі кезде ҚХР микрочиптер тапшылығын сезінуде. Соның кесірінен қытай автокөлік өндірісі дағдара бастаған көрінеді.
Халықаралық сарапшылардың байламынша, егер Қытай Тайваньға баса-көктей кірсе, онда Батыс көмекке ұмтылады да, үшінші жаһандық соғыс басталуы мүмкін.
Айта кететін жайт, осы екі ел арасында құрлықтық шекара жоқ. Тайвань шың елінен 150 шақырымдай қашықта, Тынық мұхитта орналасқан. Жалғыз Тайвань аралын ғана емес, оның айналасындағы тарыдай шашылған ұсақ аралдарды да Қытай республикасы өз бақылауында ұстайды. Сондықтан халықаралық қауымдастық олардың бәрін де бір атаумен – "Тайвань" деп атайды. Қытай республикасы ҚХР-ды мойындамайды және болашақта аралдармен шектелмей, өз үстемдігін бүкіл Қытайға таратуды мақсат тұтады. Мұны ресми Бейжің мемлекеттік егемендігі мен жерінің тұтастығына көз аларту ретінде қабылдайды.
Бір қызығы, Қытай республикасын әлемдегі көптеген ел таныған. Уикипедия энциклопедиясында айтылғандай, ҚХР емес, дәл осы Қытай республикасы кезінде Біріккен Ұлттар ұйымының негізін қалаған елдердің бірі және соның Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болған. Алайда біздегі ақтар мен қызылдар арасындағы азаматтық соғыс секілді, 1949 жылғы азаматтық соғыста компартия армиясынан жеңіліс тапқаннан кейін Қытай республикасының қоластында тек Тайвань мен оған іргелес аралдар ғана қалды. Сондықтан әлемдегі өзге елдер де, БҰҰ да бұл республиканы ресми құжаттарда "Тайвань" деп жазады.
Ал ҚХР болса, Тайваньды өзінің әкімшілік бірлігі санайды. Осы мақсатта Бейжің тіпті құрлықта, өз аумағында "Тайвань" деген провинция ашып қойды, оның орталығы – Синьбэй алып агломерациясы. Егер Си мырза әскери немесе әскери емес жолмен Тайвань аралдарын қайтара алса, олар осы провинцияға қарауы мүмкін.
Шығыстанушы, Қиыр Шығыс елдерін зерттеу орталығының басшысы Кирилл Котков ҚХАА-ның аралға қарсы операциясы туралы бұрыннан айтылып келе жатқанын және әзірге бұл жолғы құжаттың да – "кезекті қытайлық ескерту" болып табылатынын айтады.
"Бейжің Батыс әлемімен қатал қақтығысқа барғысы келмейтінін аңғартты. Ол тіпті уәде бергеніне қарамастан, Украинаға қарсы соғыста Кремльді белсенді қолдамады, батыстық санкцияларды сақтауға тырысуда. ҚХР-дің іскерлік ортасы да Батыс бизнесмендерінен босаған Ресей нарығын игеруге ұмтылған жоқ. Тайваньды АҚШ жайдан жай бере салмайды. Себебі, Америка үшін Тайвань – Қытайдың жағалауына жақын тұрған алып "авианосец". Осының кесірінен ҚХР теңіздерге шыға алғанымен, алып мұхиттарға қол жеткізе алмай, қамалып отыр. Егер Тайваньды алса, алдынан мұхиттар ашылар еді. Түсіндіре кетсем, ҚХР-дің шығыс жағалауларын континенталды таяз теңіздер шаяды. Ал түбі терең тұңғиық теңіздер де, Тынық мұхиттың ашық сулары да Тайваньның арғы жағынан басталады", – деді сарапшы.
ҚХР әскери алып кемелер тұрғызып, оларды ең заманауи қаһарлы қарулармен жабдықтап, біраз жылдан бері мұхит үшін ұлы шайқасқа мұқият әзірленіп жатыр.
"Ерте ме, кеш пе, ҚХР әрине, соғыс бастауға мәжбүр болады. Әйтпесе, жыл өткен сайын Тайвань одан алыстап барады. Қытай экспансиясының "жұмсақ күштері" оған енді әсер етпейді, аралды қосып алудың бейбіт, экономикалық құралдары түгесілуге таяу. Бейжің жеңіске жететініне 200% сенімді болған күні соғысты бастайды. Айлакер ыңғайлы сәтті күтеді. Мысалы, Әзербайжан 2020 жылы АҚШ-тың президенттік сайлаумен басы қатқанын, Трамптың төңкеріс жасамақ болған сәтін пайдаланып, Қарабақ үшін күресті бастады, жеңіске жетті, біраз жерін қайтарды. ҚХР де осындай тәсілді пайдалануы мүмкін. Өйткені оның әскерилері 1979 жылдан соғысқа қатыспаған. Қазіргі қолбасшылардың ұрыс жүргізу тәжірибесі жоқ. Оқа-пагонын креслода отырып алған паркеттік генералдар майдан даласында нәтиже шығара ала ма деген алаңдаушылық ҚХР басшылығына маза бермейді", – дейді К.Котков.
Айтқандай, Тайваньның қорғаны саналатын Американың жағдайы да мәз емес. Ол қару-жарағының үлкен бөлігін Украинаға бағыттап жатыр. АҚШ-ты ХХ ғасырдан бері болмаған алапат қымбатшылық жайлады, Президент Джо Байденнің рейтингі ең төменгі шамаларға дейін құлдырады. Америкалық истеблишмент Ақ үйден Украина, Тайвань, басқасын қорғауға күш-қуат шығындауды қойып, бар назарды америкалықтардың өмірін жақсартуға бағыттауды талап етіп, маза бермеуде. Сол себепті АҚШ 2021 жылғы тамызда Ауғанстанды тастап шыққан еді.
Халықаралық сарапшылар Қытаймен соғысуға Үндістан да біраз жылдан бері дайындық жүргізіп келгеніне назар аудартады. Бұл екі мемлекет арасында 1962 жылы соғыс болғаны мәлім. Таяуда ғана, яғни 2020 жылы Үнді және Қытай шекарасында бірнеше рет қарулы қақтығыс болды. Қарулы жанжалдың және атыстың көбі даулы Аксайчин ауданы үшін жүреді. Сондай-ақ Пангонг көлі бойында, Тибет автономды ауданында, Сикким, Ладакх жақта да 1,5 миллиардтай аста-төк адам ресурсы бар екі алпауыт жиі шекіседі. 2021 жылғы 20 ақпанда 4 қытай шекарашысы өлі күйде табылған.
Қарулы қақтығыстарға байланысты Үндістан TikTok-ты және қытайдың 100-ден аса ұялы қосымшасын "тыңшы" санап, өз аумағында бұғаттап тастады. Үнділер жау көріп, қытайдың көлігін, тұрмыстық техникасын әдейі сатып алмайды.
Қорыта айтқанда, бүгінде әлем бүлінуде. Алпауыттар арасында тайталас өршіді, ол соғысқа дейін ушығуы ғажап емес. Оның соңы ниеті бұзылған, басындағы бейбітшіліктей бағын тәрк еткен адамзатты ақырзаманға жеткізбесе болғаны.