Атырау, 28 наурыз 18:48
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Жергілікті мал дәрігерлеріне Атырау шаруаларының көңілі толмай отыр

Сурет Бейнежазба
1 076 просмотра

Атырау аграрлы-техникалық колледжінде облыстағы шаруагерлер жергілікті атқарушы орган өкілдері және депутаттармен дөңгелек үстелде кездесті. Жиында облысқа бөлінетін субсидия көлемін көбейту, шабындық жерлерді жайылымға берер алдында зерттеу жүргізу, мал өлімі үшін өтемақы мен егістік алқаптарын қаптаған құрт көбелегі мәселелері сөз болып, қызу талқыға түсті.  

«SHOPAN ATA» қазақ ұлттық мал өсірушілер қауымдастығы Атырау облысы бойынша филиалының директоры Ғазиз ҒАБДУЛЛИН қойды асылдандыру субсидиясын 2500 теңгеден 5000 теңгеге дейін; ірі қара малды асылдандыру үшін – 10 мыңнан 15 мыңға, жем-шөпті сатып алуға субсидияны 21 мыңнан 30 мыңға дейін көбейтуді ұсынды. Мәселен, бір рулон шөптің бағасы қазір 13-15 мың теңге. 

Одан бөлек, шаруагерлер ақпан-наурызда жаппай қырыла бастаған мал өлімі үшін өтемақы беруді сұрап отыр. Тіпті бұған кімнің кінәлі екенін де айтты. 

«Ойтаң» шаруа қожалығының өкілі Айбар ЕРЕКЕШОВ:

- Әлі нақты анықталмаған аурудан мал қырылып жатқанда, Исатай аудандық ветеринария бөлімінің мамандары оларды биттен, таскенеден өлді деп жалған ақпарат берді. Мұндай "мамандарды" жұмыстан қуу керек! - деді Ерекешов.

Содан соң, ашу бойымен Ерекешов кездесуге қатысып отырған облыстық ветеринария басқармасы басшысы Азамат АЙТҚАЛИЕВКЕ:

- Біз кезінде мал өлімі жайлы дабыл қаққанда сіздің қарауыңыздағылар міз бақпай отырды. Малдың жаппай қырылуына сіздің де қатысыңыз бар. 

Әңгімеге Ғабдуллин араласты:

- 26 наурызда мен Құрманғазы ауданына мал қырылып жатқанда барғанда, аудан әкімі Марат Мурзиев облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевқа «ауданда бәрі дұрыс» деп хат жазды. Қасақана жалған ақпарат беріп отыр. Оны Қайрат Нұрлыбаев алды да, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жіберді. Ол бұқаралық ақпарат құралдарына «Құрманғазыда бір мал өліп, төрт мал ауырды» деп шықты. Өтірік бәрі. Кім беріп отыр оны? Сіз сияқтылар беріп отыр! 

Еске сала кетсек, биыл ақпанда Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде сол кездегі облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың және ауыл шаруашылығы саласына жауапты мамандардың қатысуымен шаруагерлердің жиыны өтті. Сонда шаруагерлер мал өлімі жайлы дабыл қаққан болатын. Сол кезде әкімнен бастап маманға дейін ешкім мұны елемеген. Соңы мынадай жағдайға әкеліп соқтырды. Мәселен, Ерекешовтың айтуынша оның бүгінде 450 асыл тұқымды қойы мен 272 ірі қара малы өлген. Ең төменгі бағамен есептегенде ол 40 млн теңге шығынға ұшырап отыр. 

- Облыстағы мал өлімі бойынша басқаларымен қатар ең үлкен шығынға ұшыраған менің қожалығым. Үш ай шырылдағаннан кейін ресми түрде 272 бас қой малы мен 12 бас сиыр малын өлді деп тіркеді. Осы дұрыс па? Сонда сіздер қазақ мал бақпасын деп отырсыздар ма? Бәрі соған келіп тіреліп тұр! Айтпақшы, жыл аяғына таман «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на төлейтін несиенің уақыты келеді. Бірақ біз алған несиемізді төлеуге мүмкіндігіміз жоқ. Бізге қолдау керек, мемлекеттен субсидия қажет! - деді Ерекешов.

Облыстық мәслихат хатшысы Әлібек НӘУТИЕВ ветеринария саласындағы мамандардың бәрі зейнетке шыққанын және маман жетіспейтінін мойындады:

- Бұл салада жақсы жалақыға маман даярлау қажет. Өз ойым, болашақта үш шаруа қожалығы бірігіп, бір маманды оқытып ала аласыздар. Мемлекетке иек артып отыра беруге болмайды. Бұл менің жеке ойым.

УЛАҒАНДА АБАЙЛАУ КЕРЕК

Кездесу барысында шаруагерлерді алаңдатқан тағы бір өзекті мәселе – жерлерін қаптаған құрт көбелегі. Оларды бұл зиянкестің малға қандай қаупі бар, малды қанша күн қорада қамау керек, неше күннен соң жаюға болады, арнайы зерттеу жүргізілді ме деген сұрақ мазалады. Азамат Айтқалиев арнайы зерттеу жүргізілмегенін айтты. 

Ал, өзін "фитосанитария маманымын" деп таныстырған жиын қатысушысы Махамбет, Индер аудандары мен қала маңындағы шаруалардың жерлерін қаптаған құрт көбелектерінің малға да, адамға да зияны ғылыми тәжірибеде тіркелмеген деді. Осы кезде Ғазиз Ғабдуллин оның сөзін бөліп жіберді.

- Осыдан екі жыл бұрын Исатай ауданында зиянкестерді улаған соң, мал қырылып қалды. 500 бас жылқысы бар шаруагерлер есігін құлыптап, жауып кеткен үйлер бар. Солар дабыл қағып жатыр. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, қазір шашып жатқан у малға, адамға зияны тиюі әбден мүмкін. Мал қырылып қалуы ғажап емес. Енді у шашқан кезде малын 2-4 күн қамап отыра алмайды ғой шаруагерлер. Ал у шашқан жерге бір ай мал бармау керек дейді. Осыны да ойлап қою керек, - деді Ғабдуллин.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат НҰРЛЫБАЕВ Махамбет, Индер аудандары мен қала маңындағы егістік жерлерімен бірге қазір Қызылқоға ауданында да құрт көбелегін улау жұмыстары басталғалы отырғанын хабарлады. Одан бөлек, Құрманғазы ауданында "итальяндық прус" шегірткесін улау жұмыстары да жүріп жатқанын тілге тиек етті.

- Бірінші егінді аман алып қалайық деп отырмыз. Жайылымдық жерлерді улауды кейін бастаймыз, - деді Нұрлыбаев.

Айнұр САПАРОВА 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

13 маусым 2022, 11:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.