Канцлер Олаф Шольцтың мәлімдемелеріне қарамастан, Германия Украинаға әлі бірде-бір ауыр қару берген жоқ. Бұл туралы Spiegel қауіпсіздік саласының саясаткерлеріне жіберілген хатқа сілтеме жасап хабарлайды.
* * *
Украина президенті Владимир Зеленский Киевте Berkshire Hathaway директорлар кеңесінің басшысы, миллиардер Уоррен Баффеттің үлкен ұлы, америкалық кәсіпкер Говард Баффетпен кездесті. Кездесудің видеосы Зеленскийдің Telegram-каналында жарияланды.
Ол бизнесменді Одесса облысындағы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру, миналардан тазарту және мектеп тамағын реформалау жобаларына қатысуға шақырғанын айтты.
* * *
Батыс елдері Ресейден сатып алынатын мұнайға шектеу қою мүмкіндігін талқылап жатыр, деп хабарлады АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан Ақ үйде өткен брифингте журналистердің тиісті сұрағына жауап беріп.
* * *
Францияда Украинадағы жағдайға байланысты жиһаз өндірушілерінде кроватьқа қажетті бөлшектер жетіспейді. Le Figaro-ның айтуынша, бұл жеткізілім тізбегінің бұзылуымен байланысты. Сонымен қатар, Ресейге қарсы санкциялардың кесірінен ағаш тапшылығы байқалады.
* * *
Microsoft корпорациясы Ресейдегі бизнесін айтарлықтай қысқартып, елден қысқартылатын немесе толықтай шығып жатқан танымал технологиялық компаниялардың тізіміне қосылуда.
* * *
АҚШ Өкілдер палатасының Қарулы күштер комитеті Украинадағы жағдайды қоса алғанда, барлау үшін жеке жерсеріктерді пайдалануды кеңейту туралы шешім қабылдады.
* * *
Зеленский Батысты Украинаға көбірек қару-жарақ беріп, Ресейге санкцияны қатайта түсуге шақырды.
Украина президенті Владимир Зеленский Украина әскері әзірге шабуылға шыға алмайтынын, өйткені Украина әскерінің қару-жарағы Ресей әскерінің қару-жарағынан әлі күнге әлсіз екенін мәлімдеді. "Шабуылға шықсақ үлкен шығынға ұшыраймыз, маған адамның өмірі артық" деді Financial Times газетінің онлайн-конференциясында.
Зеленский "жеңіс ұрыс алаңында болады" деп санайды. Ол Ресей әскері 24 ақпандағы шебіне дейін шегінгенде алғашқы жеңіс болатынын, толық жеңіске Украина жері түгел азат етілгенде жететінін айтты. Украина президенті келіссөзге дайын, бірақ тек Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлеспек.
Зеленский Батыс елдерін Украинаға көбірек қару-жарақ беріп, Ресейге санкцияны қатайта түсуге, Ресей мұнайына толық эмбарго салуға шақырды. Ол кейінгі кездері Батыстың кей елдері үкіметтерінің Ресейге салған санкциядан шаршай бастағаны, санкцияны жұмсарту жолын іздестіріп жатқаны туралы хабар естігенін растады.
Ресей арнаулы операция деп атайтын Украинадағы соғыстың жалғасып жатқанына 100 күннен асты.
* * *
Ресей құрамасының футболшысы: Путин біздің болашағымызды ұрлады.
Футболдан Ресей құрамасының ойыншысы Надежда Карпова Украинадағы соғысқа қарсы сөйлеп, Владимир Путин мен Ресей пропагандасын айыптады.
Испанияда тұрып, "Эспаньол" (Барселона) клубында ойнайтын Надежда Карпова Би-би-сиге берген сұқбатында "соғысты көріп отырып, үнсіз қала алмайтынын" айтты.
Ресей құрамасында 24 матч ойнаған 27 жастағы футболшының сөзінше, "Путин соғыс бастап, ресейліктердің болашағын ұрлаған".
"Мұның бәрі Ресей азаматтарының үнсіз келісімінің арқасында жүзеге асты, бірақ мен орыс болғаным үшін ұялмаймын, Ресей дегеніміз елдің үкіметі, не болмаса Владимир Путин емес"- дейді ол.
Ол Ресей пропагандасын шовинизм дертіне шалдыққан деп айыптап, пропагандаға сенетіндерді "кепілде отырғандар" деп атады.
Карпова Ресейдегі қарсылық акцияларына қатысқанын, бірақ онысы билікке ықпал етуге жеткіліксіз болғанын айтты. Ол "соғысқа қарсылығын ашық білдіретін спортшылар көп ұзамай көбейе түсетінін, алайда Ресейде тұрғаннан гөрі Испанияда тұрып, соғыс туралы ой-пікір айту жеңілірек" деп санайтынын айтқан.
Би-би-си хабарына қарағанда, бұған дейін "Динамо" футболшысы Фёдор Смолов пен "Спартак" ойыншысы Александр Соболев секілді екі белгілі спортшы ғана соғысқа қарсылығын білдірген. Олар пікірін Ресей әскері Украинаға басып кірген күні айтып, кейін үнсіз қалған.
Ресей кәсіпқой спортшыларының көпшілігі Украинадағы соғыс туралы айтпауға тырысады, кейбірі Путин саясатын ашық қолдайды. Ресей Украинаға басып кірген соң халықаралық спорт федерацияларының көпшілігі, арасында ФИФА да бар, Ресей спортшыларын халықаралық жарыстардан шеттеткен.
* * *
Украина қалаларында бауырсақ пен палау үлестірілді.
Украинаның әйгілі Бородиянка, Буча, Ворцель және Гостомель қалаларында этникалық қазақтар жергілікті тұрғындарға тегін ыстық тамақ ұйымдастырды.
"Кazprecc"-тің хабарлауынша, олар бауырсақ, палау, қуырдақтан басқа тағамдар дайындап, адамдарға үлестірген. Ал қақтығыс пен басқыншылықтан зардап шеккен жергілікті тұрғындар қазақтарға алғыс айтып, қуанышпен қарсы алуда.
* * *
Украина АҚШ-тан келетін қару-жарақ мерзімін атады. Бұл туралы Unian порталы жариялады.
Ленд-лиз аясында америкалық қарудың алғашқы партиясын қабылдау туралы ақпарат екі-үш аптадан кейін пайда болады. Мұндай мәліметтерді президент кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович айтты.
Оның айтуынша, АҚШ-тан Украинаға әскери техника үлкен кемелермен жеткізілетін болады.
"Қару-жарақты дайындауға екі аптадай уақыт кетеді, одан кейін кеме 10-12 күн Атлант мұхиты арқылы жүзіп, Еуропаға келеді. Сосын ғана Украинаға жетеді. Бұл кем дегенде бір ай уақыт алатын іс екенін түсінуіміз керек", - дейді Арестович.
* * *
Түркия Украинадан астық тасымалдау үшін Қара теңізде «дәліз» құруды құптайды.
Ресми Анкара Украина порттарынан астық жеткізу мәселесіне қатысты Қара теңізде «астық дәлізін» құру жоспары орынды әрі өміршең деп есептейді. Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен кездесуінен кейін осылай деп мәлімдеді.
Айтуынша, соңғы күндердегі мәлімдемелер Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер үдерісіне қайта оралуға үміт береді. Сондай-ақ тараптар Украинадағы жағдай мен өңірлік мәселелерді талқылады. Соның ішінде Сирия, Ауғанстан мен Ливиядағы ахуалды қарастырды. Олар Сирия мәселесін алдағы уақытта Астана процесінде талқылайтынын айтады.
Мевлют Чавушоглу, Түркияның Сыртқы істер министрі:
- Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Ресей, Украина, Түркия арасында кеме тексеретін механизм әрі ынтымақтастық жоспарын құруға болады. Мұны екі ел де, Ресей де, Украина да қабылдауы керек. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының ұсынысымен осы жайтты талқылау үшін Ыстамбұлда кездесуді ұсындық.
Ресей сыртқы істер министрінің айтуынша, Украина астығына қатысты жағдайдың азық- түлік дағдарысына еш қатысты жоқ. Дегенмен, ресми Кремль Ыстамбұлда кездесуге дайын.
Сергей Лавров, Ресейдің сыртқы істер министрі:
- Біз украин астығын жөнелту мәселесіне көп көңіл бөлдік. Бұл жайтты украиндықтардың өзімен бірге батыстағы әріптестеріміз де жаһандық апат санатына жатқызуға тырысып жатыр. Дегенмен, украин астығының үлесі дүние жүзіндегі астық өндірісінің бір пайызынан аз. Демек, Украина астығына қатысты қазіргі жағдайдың азық-түлік дағдарысына еш қатысы жоқ. Бұл туралы президент Путин бір апта бұрын берген сұхбатында айтты.
* * *
Зеленский: 31 мыңнан астам Ресей әскері өлді.
Украинада қарулы қақтығыс басталғалы Ресейдің 31 мыңнан астам әскері ажал құшты. Қазір күніне олардың 300-ге жуық сарбазы көз жұмады.
Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский хабарлады.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
- Украинаның қиян-кескі ұрыс жүріп жатқан майдан шебінде айтарлықтай өзгеріс жоқ. Украина әскері Донбас аймағын ерлікпен қорғауда. Бірінші кезекте Северодонецк, Лисичанск, Попасная қалалары. Ресей қосымша әскер әкеліп жатыр. Бірақ бұл енді ештеңені шешпейді. Өйткені басқыншы сарбаздардың көбі Украинада түпкілікті жеңіске жете алмайтынын түсінді. Біз еркін елміз, құл емеспіз.
Ақпараттар kursiv.media, Азаттық радиосы, Адырна, Хабар 24 басылымдарынан алынды.