Атырау, 20 сәуір 20:59
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Атырауда Антикор қызметкері жеті жылға сотталды

1 879 просмотра

Бүгін, 8 маусымда Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкері Нұрсұлтан Мұятовқа қатысты үкім шығарды. Ол ҚР Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі – 4-бөлігінің 2-тармағы, 190-бабының («Аса ірі көлемде алаяқтық жасауға итермелеу») және 28-бабының 4-бөлігі – 367-бабының 4-бөлігі («Аса ірі мөлшерде пара беруге итермелеу») бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталушыға 2021 жылдың сәуір айында «П» ЖШС-нің басқарма төрағасы Б.-ға қатысты жедел іс-шаралар жүргізіліп жатқаны белгілі болғаны анықталды. 2021 жылдың 26 маусымында Мұятов жәбірленуші Б.-мен кездесіп, оған қатысты тексеруді тоқтатуға, сонымен қатар Департамент пен Агенттік басшылығы арқылы оның пайдасына оң шешім шығаруға ықпал ете алатынын айтып, сол үшін 30 млн теңге талап еткен.

30 маусымда келесі кездесуде олар 21 млн-ға келіскен. Сотталушы танысына Б.-ның пәтерінен осы ақшаны алуды өтінеді. Ол солай жасаған және сол күні ақшаны беру кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер ұстаған.

Көрсетілген мән-жайлар мен сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, Whatsapp мессенджеріндегі хат алмасуларымен, аудио-бейне жазбаларымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен және сараптама қорытындыларымен расталды.

Бұдан бұрын прокурор Мұятовты 10 жылға бас бостандығынан айыруды, ал қорғаушы тарап, керісінше, ақтауды сұраған болатын.

Баспасөз хабарламасында 190-баптың 4-бөлігінің 2-тармағында санкция 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру, ал 367-баптың 4-бөлігінің санкциясы мүлкі тәркіленіп, параның елу еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғаны түсіндіріледі.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА 

8 маусым 2022, 15:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.