Атырау, 25 сәуір 08:38
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Марқұм сарбаздың туыстары: «Бір құпияны біліп қойып, қасақана өлтірілуі мүмкін»

1 248 просмотра

Табытпен оралған сарбазды «отбасындағы тұрмысқа төзе алмай өлді» депті, деп хабарлайды ktk арнасы.

Маңғыстау облысына әскерге кетіп, үйіне табытпен оралған сарбаздың денесі жер қойнына тапсырылды. 19 жастағы Еділ Тешебаев отбасындағы тұрмыстық жағдайға төзе алмай, өзіне қол салған дейді әскерилер. Тіпті өлер алдында бірнеше хат жазып қалдырыпты.

Бірақ марқұмның жақындары мен достары хаттағы қолтаңба Еділдікі еместігін айтады. Үнемі туыстары мен жолдастарынан телефон арқылы ақша салуды өтінетін сарбазды әскерде қинап өлтірді дейді олар.

  - Туысқандарым, балаларым бәрі тұр. Анау үшінші балам. Барлығы келді, бірақ бір балам жоқ қой енді, бір балам жоқ. (әкесі балаларын құшақтап аңырады).

Ұлының жаназасын шығаруға мәйітті күтіп тұрған әке баласынан айырылып қалғанына сене алар емес.

Төрт ұлдың екіншісі Еділ Отан алдындағы борышын өтеп, әскери қызметте қалуды қалаған екен. Сондықтан былтыр күзде әскерге аттанған. Алайда Бейнеудегі шекара қызметінде борышын өтеп жүрген сарбаздың қаруластары хабарласып, Еділдің енді жоқтығын айтыпты. Бірақ өлімнің себебін айтқанда «өздері әбден шатасты» дейді марқұмның туыстары.

Гүлжәмилә Алтынбекова, марқұмның апасы:

- Үш түрлі, үш адамға үш түрлі айтып отыр. Пышақтады деп бірінші айтады, артынша баласына бәтеңкенің бауына асылып қалды дейді. Енді кеп анасына белдігіне асылып қалды, екі белдікті байлап асылып қалды дейді. Подполковник айтқан.

Еділ Тешебаев шекара қызметінде «бір құпияны біліп қойып, қасақана өлтірілуі мүмкін» дейді туыстары. Сондай-ақ сарбаз атанғалы жақындарынан үздіксіз ақша сұраумен болыпты. Сондықтан әскердегі әлімжеттіктің құрбаны болуы да мүмкін дейді қара жамылған отбасы.

Бақыт Алтынбеков, марқұмның әкесі:

- Біреуден бес мың сұраған екен. Ол ақшаның бәрін неғыла береді дедім. Сол кезде 5 мың атаңа нәлет деп, салып жіберуім керек еді. Ойламадым ғой, мұндай болады деп, демек баламнан ақша сұраған. Ақша бермегеннен кейін ұрып өлтірген де. Басқа несі бар. Асылып қалды дейді, балам менің асылмаған. Көзім жетеді оған. Бұлар өлтіріп алып, содан кейін жала жауып отыр.

«Жала жабылды» дегенді Еділдің достары да айтады. Себебі, тоғыз айдан бері әскерде жүрген сарбаз өлер алдында үш бірдей хат жазып, өзіне қол салуына үйіндегі тұрмыстық тапшылық себеп болғанын айтқан. Бірақ марқұмның сыныптастары хаттардағы қолтаңба «Еділдікі емес» деп отыр.

Ерсұлтан Қанжігіт, марқұмның досы:

- Әр хатта әртүрлі жазылған. Маған жазылған хатта басқаша жазылған, мамасына жазылған хатында жазуы мүлдем басқаша. Екеуін екі адам жазған. Оның жазуы сәл нашарлау еді. Тіпті дәптерге жазғанда алфавиттің арасында «ы», «і» деген әріпті жазбай тастап кетуші еді, бір екі әріпті. Ал бұл жерде хатта «ы», «і» әріптер былай тұрсын, үтірнүктеге дейін мәнерлеп жазылған. Еділ олай жазбайды.

  Ұлының денесін Ақтаудан алып келген анасы Еділдің шаты көгеріп кеткенін айтады. Медицина саласында істеген ол ұлының қасақана өлтірілгеніне сенімді. Нағима Нұрбайқызы; марқұмның анасы: - Мен өзім хирургияда істегем ғой, біз де мәйітханадан адам шығарғанбыз. Ол денесінен жылу кеткеннен кейін қалатын еді, мойны, бар жері қатып қалады, қимылдамайтын. Мұның мойны, омыртқалары ана жаққа, мына жаққа айналып жатыр. Оны әдейі өлтірген негізі, сөйткен де, өзі дарға асылды қыла салған. Ал сарбаздың мәйітін жеткізген әскери бөлімнің командирі кешірім ретінде миллион теңге әкелгенін айтқан. Бірақ марқұмның жақындары өре түрегелді. Қазір тергеу жүріп жатқанын айтқан басшы «Еділ жиі есінен танып қала беретін» дейді.

Асқар Аяғанов, ҚР ҰҚК шекара қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

- Есінен танып қалатын, ауа жетпей. Армияға келгенен бері. Тоғыз ай бойы емес, осы соңғы айда ма, сол кезде бір рет кетті. Есінен танды, одан кейін госпитальға кетті, Ақтауға, емделді.

Қазір әскери тергеу басқармасы шекарашының өлімі бойынша қылмыстық іс қозғап, арнайы тексеруді бастады. Бірақ бұл туралы не қорғаныс министрлігі, не шекара қызметіндегілер ресми ақпарат берген жоқ. Ал бала күннен әскери болуды армандап, 19 жасында әскерден табытпен оралған Еділ Тешебаевтың денесі бүгін туған жері Сарыағашта жерленді.

7 маусым 2022, 11:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.