
Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВ егіс алқаптары мен жайылымдардағы зиянкестермен күресу бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы бұл жайында әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
- Махамбет, Индер аудандары мен қала маңындағы шаруалардың жерлеріне құрт көбелектердің қаптап түсіп, егін аймақтарына зиян келтіру жағдайы орын алуда. Осыған байланысты салаға жауапты орынбасарыма нақты тапсырма бердім. Төтенше жағдайдың алдын алу бойынша аудандарда жедел жұмыстарды ұйымдастырып, улау жұмыстарын жүргізетін мекеме мен арнайы мамандар шақыру қажет. Олар тез арада жұмысқа кірісуі тиіс,- деді облыс әкімі. - Бұл мәселе бақылауымда.
Бірақ, бұған дейін хабарлағанымыздай, диқандар бүгінде зиянкестермен бетпе-бет келіп отыр, өйткені олармен күресуге республикалық та, жергілікті бюджеттен де қаражат қарастырылмаған. Ал олар үшін бұл басты мәселе. Жақында ӨКҚ-да өткен брифингте сол салаға жауапты облыс әкімінің орынбасары Қайрат НҰРЛЫБАЕВ олардың көңілін біраз көтерген еді:
- Қазір Батыс Қазақстан облысынан улау жұмыстарын жүргізетін арнайы мекеме мен мамандар шақырылды. Жұмыс басталды. Қанша гектар жерге жайылып кеткені белгісіз, ол анықталуда. Біздің қазір бірінші мақсатымыз - егіншілердің егінін, одан кейін жайылымдарды қорғау. Жалпы құрт көбелектер 2020 жылға дейін өңделетін зиянкес жәндіктердің тізбесінде болды. Сол жылы оны тізбеден алып тастады. Биылдан бастап қайта қосу қарастырылып жатыр. Өңірде 300-ден аса егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылық бар, оның 100-ге жуығы құрт көбелектен зардап шегуде. Орал қаласынан келген, у шашумен айналысатын 2 көлік күніне шамамен 1000 гектардан аса жерді қамти алатын техника. Аталған жұмыстарға жергілікті бюджеттен шамамен 8-10 млн теңге көлемінде қаржы бөлу қарастырылуда. Егер улайтын аумақтың көлемі артса, қосымша қаржы бөлу мәселесі қарастырылады.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау -6