3 маусымда Атырауда Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, халықтың сүйікті эстрада әншісі Батырхан ШҮКЕНОВТІ еске алуға арналған сазды кеш өтті. 18 мамырда ол 60 жасқа толар еді...
Кешті ұйымдастырушы Әмір ТАҒАШЕВТЫҢ («Муза» шығармашылық клубы) айтуынша, кештің атауы кездейсоқ емес: «Тоқтаусыз жол» – Батырдың ең алғашқы альбомы.
– Бұл атау маған терең әрі мағыналы болып көрінді: өмір жолы іспетті, – дейді Әмір.
Жиналған көрермен «Джулия» («А-Студио» тобының алғашқы хиті), «Отан ана», «Белая река», «Стоп, ночь», «Нелюбимая», «Солдат любви», «Япырай» және т.б. әндерді сүйсіне тыңдады. Тек тыңдап қана қоймай, өздеріне де ән айтуға мүмкіндік берді. Бұл атмосфераны Батырханның сүйікті үрмелі аспабы – саксофонның жанды дыбысы толықтырды.
Кешке қатысушылар мен қонақтар алған әсерімен бөлісті.
Батырханның репертуарындағы бірнеше әнді тамаша орындаған Ару АЙДАРОВА:
- Батырхан үлкен талант иесі еді, ол қазақстандықтардың жүрегінде әлі талай жыл сақталады деп сенемін.
Айсұлу ҚАЛМҰРЗИЕВА:
- Туыстарым 80-жылдардың соңынан бері менің кумирімнің кім екенін біледі. Мен оның саксофонының сиқырлы дыбысын «Арай» тобының құрамында жүргенінде естідім. Ол жай ғана сүйемелдеп қоймай, өзі де ән айтуды ұйғарғаны қандай бақыт еді, оның керемет әдемі дауысын әлем естіді. Оның әнін үйде үнемі тыңдайтынбыз, мен Батырхан Атырауға келген кезде концерттеріне баруға тырысатынмын. Мен оның жанкүйері болдым, әлі де солаймын. Ол көз жұмғанда жаным қатты құлазыды, жақынымнан айырылғандай күй кештім. Әлі есімде, сол күні сіңлім арнайы келіп, «қалайсың?» деп сұрап, моральдық тұрғыда қолдау көрсетуге тырысты. Енді жаңа әндер болмайтыны өкінішті. Бірақ біз оның әндерін тыңдап, ән айтуды жалғастыра береміз, ол біздің жүрегімізде мәңгі өмір сүреді.
Нұрболат ЖҮЗЖАСАРОВ:
– Батырхан мен үшін жарқын тұлға, оның әндерін бала кезімнен тыңдап келемін, сүйікті әндерімнің ішінде «Отан ана», «Дождь» әндері бар.
Туған күніңмен, Батырхан! Біз сені ешқашан ұмытпаймыз. Ал «Муза» шығармашылық клубының мүшелеріне толағай табыс және әлі талай ғажайып музыкалық кештер бола берсін деп тілейміз.
Елена СҮНДЕТОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор