Атырау, 2 мамыр 16:27
 ашықВ Атырау +17
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Индербор қоқыс ортасында қалды

Сурет Бейнежазба
1 476 просмотра

Индербор кентінің бірнеше тұрғыны «АЖ»-ға «аудан орталығындағы қоқыс алаңына қатысты проблема қашан шешіледі?» деген сауалмен хабарласқан еді.

«АЖ» тілшісі жағдайдың мәз еместігін өз көзімен көріп қайтты. Кенттің «Барлаушылар» ықшамауданына жақын жерде қоқыстар жайрап жатыр. Тау болып үйіліп жатқан тұрмыстық қалдықтардан бастап құрылыс материалдары, металл сынықтары, пластик бөтелкелер, целлофандар және т.б. аяқ алып жүру мүмкін емес. Полигонға дейінгі жол да қоқыспен бітеліп, техниканың күшімен аршып алыпты. Қоқыс алаңы қоршалмаған, терең шұңқыр қазылғанымен іші қоқысқа толы.

- Ол жерге мал жайылады, кез-келген қоқысты жейді. Екі сиырым ауырып, сойып алуға мәжбүр болдым. Әкімшіліктегілер малды бағу өз міндетің дейді, олар өз міндетін дұрыс атқарып отырғандай, - дейді Нәсіп ашынып.

- Қоқыстың жайлап кеткені соншалық «Барлаушы» ықшам ауданынан басталған қоқыс төгінділері кенттің «ДСУ» деп аталып кеткен бөліктегі үйлеріне дейін жеткен. Жазда шіріп жатады. Былтыр 50 млн теңге бөлінді, көмеміз деген. Ол да аяқсыз қалды. Қоқысты арасында өртейді, одан кент тұрғындары тұншығып отыр, иісі сасып жатады. Соңғы жылдары әкімдер ауысқаннан басқа ешқандай шара алынған емес. Экологтар қайда қарап отыр, билік неге шарасыз? – дейді Индербор кентінің тұрғыны Игілік ҚАНАТОВ.

Біз әкімдіктің баспасөз қызметіне редакция сауалын жолдап, келесі жауапты алдық: «Аудан бойынша жалпы 11 қоқыс полигоны (Индербор кенті, Көктоғай, Өрлік, Есбол, Ынтымақ, Елтай, Аққала, Жарсуат, Құрылыс, Қызылжар, Бөдене ауылдары) бар. Олардың бәрі қоршалмаған. Бұлар Кеңес одағы кезінен, яғни ауылдар құрылғалы қоқыстар осылай төгіліп келеді. Ал аумағы 16 гектар болатын Индербор кентінің қоқыс алаңшасы кент әкімінің аппараты теңгерімінде. Ауылдардағы қоқыс алаңдарын қоршау үшін жер телімдері рәсімделді».

Біз бұл жауапқа қанағаттанбай, Индер ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВҚА хабарласқанбыз:

- Индербор кентіне және Есбол ауылына полигон құрылысын жүргізу үшін техникалық экономикалық негіздеме (ТЭН) жасақтауға конкурс жарияланды. ТЭН жасақтау жұмыстары жыл аяғына дейін аяқталып, сараптамаға жолданбақшы. Содан кейін 2023 жылы ЖСҚ әзірлеуге конкурс жарияланады. Мемлекеттік  сараптама қорытындысы шыққаннан кейін полигон құрылысына қаржы сұралатын болады, - дейді Б.Иманғазиев. 

- Ауылдардағы қоқыс алаңы қашан қоршалады?

- Жыл соңына дейін. 6 елді мекеннің (Бөдене, Көктоғай, Өрлік, Елтай, Жарсуат, Құрылыс) қоқыс алаңдарын қоршау жұмыстарына биыл жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Жұмыстар шілде, тамыз айларында басталады деп жоспарланып отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

3 маусым 2022, 17:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.