Атырау, 2 мамыр 17:12
 ашықВ Атырау +17
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Атырауда салынып жатқан кейбір тұрғын үй кешені сүрілуі мүмкін

2 105 просмотра

Атырауда азаматтардың қаржылай салымдарын тарту арқылы коммерциялық тұрғын үйлерді салу кезінде өрескел заң бұзушылықтар анықталды. Осыған байланысты кейбір үйлер сүрілуі мүмкін.

– Бүгінде Атырауда 36 тұрғын үй кешені (ТК) салынып жатыр. Олардың 6-уында ғана үлескерлердің ақшасын тартуға берілген рұқсатпен қоса рұқсат құжаттарының толық жинағы бар. 14-інің құрылысты бастауға рұқсаты бар, бірақ үлескерлерден ақша тартуға рұқсаты жоқ, 16 ЖК-де құрылысты бастауға құжаттары толық емес. Тіпті хабарлама да ұсынылмаған, эскиздік жобасы мақұлданбаған, - дейді Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының (МСҚББ) басшысы Ерлан ҚАБДИНОВ.

Отыз алты тұрғын үй кешенінің алтауы тұрғын үй құрылыс кооперативтері (ТҚК) арқылы салынып жатыр, оның біреуі аяқталу сатысында, бесеуінің әрқайсысында бірқатар проблема бар. Мысалы, «Жібек жолы» ТҚК, ол туралы «АЖ» сәуір айының басында жазған еді. Бұл нысанның құрылысы 2020 жылдың басында басталып, 2021 жылдың ортасында құрылыс қарқыны бәсеңдеп, үлескерлер дабыл қаққан еді. Атырау облысы прокуратурасының ұйғарымы бойынша МСҚББ басқармасы жобалық-сметалық құжаттамасыз құрылыс салғаны және ұйғарымды орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 314 және 462-баптары бойынша айыппұл салды (2021 жылғы 24 қыркүйектегі сот шешімі бар). ТҚК аясында салынып жатқан тағы үш тұрғын үй кешеніне қатысты белгілі бір тәуекелдер бар.

- МСҚББ басқармасы Азаматтық кодекстің 244-бабы бойынша, Лесхоз ықшамауданында салынып жатқан тұрғын үй кешенін мәжбүрлеп бұзу туралы сотқа шағым түсірді. Бұл кешен рұқсат құжатынсыз салынып жатыр. Оның үстіне, жер телімінің нысаналы мақсатында жеке тұрғын үй құрылысы көрсетілген, – деді Е.Қабдинов.

Оның айтуынша, салынып жатқан тұрғын үй кешеніне қатысты тағы бір сот ісі қозғалған. Рұқсат құжаттардан бөлек, құрылыс салушының жер учаскесіне құқығы жоқ.

- Азаматтар үлестік қатысуды қабылдамас бұрын құрылыс салушыдан үлескерлерден ақша тартуға рұқсаттан бастап құжаттардың толық топтамасын сұрауы керек. Бұл, әсіресе, ТҚК арқылы тұрғын үй кешенінің құрылысына ақша салуға шешім қабылдағандар үшін өте маңызды. Өйткені «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР заңы мұндай кооперативтердің үлескерлерін қорғамайды. Әрине, ТКК тұрғын үйді шаршы метрі үшін тартымды бағамен, көбінесе нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен ұсынып отыр. Бірақ мұндай бағамен тұрғын үй кешенін сапалы әрі уақытында салу екіталай, - деп есептейді Е.Қабдинов.

Сонымен қатар, ол үлескерлерден ақша тартуға рұқсат алған салынып жатқан тұрғын үй кешендеріне ақша салатын азаматтардың үйлерінің қалай болғанда да бітетініне сенімді бола алатынын атап өтті. Құрылыс салушы банкротқа ұшыраса да, мұндай нысандар сақтандырылған. «Сақтандыру» қаржысы ТК құрылысын аяқтауға жұмсалады.

Рұқсат құжаттарының бар-жоғы туралы ақпарат алу үшін қала немесе облыс әкімдіктеріне жазбаша түрде немесе Баймұханов көшесі, 16 «Б», «Назерке» бизнес орталығы (ескі АХАЖ маңында) орналасқан МСҚББ басқармасына тікелей жүгінуге болады. Анықтама телефоны: 52-45-41

Зульфия ИСКАЛИЕВА

3 маусым 2022, 16:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.